Әкім сайлауы: Шығысқазақстандықтар жаппай дауыс беріп жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында ауыл әкімдерін сайлауға қатысу жоғары деңгейде болады деп күтілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Шығыс Қазақстанда бүгінде 77 ауыл әкімін сайлау үшін 221 сайлау учаскесі ашылған. Алғашқы сайлаушылар арнайы учаскелерге барып, өз кандидаттарына дауыс берді. Олардың кейбіреулері сайлау күнінің маңыздылығы туралы ойларымен бөлісті.

«Бүгін бәріміз үшін өте маңызды күн, себебі біз ауыл басшысын таңдап жатырмыз. Бұл біздің Выдриха ауылының тыныс-тіршілігін білетін, туындайтын барлық қиындықтарды, соның ішінде сумен жабдықтау, су тасқынына қарсы күрес және тағы басқа маңызды мәселелерді шешетін адам болуы тиіс. Болашақ әкім көп нәрсені жүзеге асыруы керек, оған ауыл тұрғындары көмектесетін болады. Лайықты адамды таңдап, онымен бірге ауылдың игілігі үшін төрт жыл бірге тұрып, еңбек етеміз», – деді Шемонаиха ауданы Выдриха ауылының тұрғыны Александр Белкин.

Үржар ауданы Мақаншы ауылының тұрғыны Жұмағазы Жақанбаев ауыл әкімдерін сайлау – еліміздің алға үлкен қадам жасауына мүмкіндік беретін маңызды оқиға екенін атап өтті.

«Бүкіл Қазақстан үшін бүгін ерекше күн. Халық бүгінде болашақ әкімге үлкен үміт артып отыр. Ол кейін ауылдың өркендеуі үшін аянбай еңбек етеді деп сенеміз. Сайлау халыққа үлкен пайда әкеледі деп ойлаймын. Мен өз таңдауымды жасадым», - деді ол.

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Серікжан Қажытай сайлау учаскесіне келіп, Үржар ауылдық округінің болашақ әкіміне дауыс берді.

«Сайлау жақсы өтуде. Сайлаушылар жоғары белсенділік танытып жатыр. Барлық санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Жерлестерімді жарқын болашақ үшін өз таңдауларын жасауға шақырамын», - деді ол.

Бесқарағай ауданы Стеклянка ауылындағы сайлау учаскесінде бірінші болып дауыс берген Құрманбек Бекеев болды. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдерін сайлауын өткізу туралы бастамасы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне қатысты азаматтардың дүниетанымын түбегейлі өзгертетінін жеткізді.

«Ауыл тұрғындары енді барлық қойылған міндеттерді сапалы орындайтын әкімді өз бетінше таңдай алады. Бүгін мен де өз таңдауымды жасадым», - деді Құрманбек Бекеев.


Соңғы жаңалықтар