Әкім сайлауы: Атырау облысында 52 үміткер бақ сынайды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 18 ауылдық округте әкім сайлауы өтеді. Оған 73 үміткер ұсынылған еді. Оның қаншасы тіркелді? Үміткерлер арасында қай мамандықтың иелері басым? Осы және өзге де сауалдарға облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

– Азамат Мақсотұлы, Атырау облысында қанша ауылдық округте әкім сайлауы өтеді?

– Биыл елімізде алғаш рет ауылдық округтердің әкімін сайлауға тұрғындар тікелей дауыс беретін болды. Мұны еліміздегі демократиялық дамудың шынайы көрінісі деуге болады. Ал, біздің өңірдегі ауыл әкімдерінің сайлауына тоқталатын болсақ, саяси дода 18 ауылдық округте өтеді. Оның ішінде Атырау қалалық әкімдігіне қарасты Дамбы және Қайыршақты ауылдық округі, Жылыой ауданында Қараарна, Қосшағыл, Махамбетте – Есбол, Бейбарыс, Сарайшық, Ақжайық, Индерде – Жарсуат, Көктоғай, Қызылқоғада –Қызылқоға,

Исатайда – Аққыстау, Құрманғазыда – Ақкөл, Асан, Сафон, Кудряшов, Орлы, Теңіз ауылдық округтері бар.

Бұл ауылдық округтерде 36 сайлау учаскесі құрылды. Сайлау учаскелеріндегі комиссияларда 236 мүше бар. Аталған округтерде дауыс беру құқығы бар 44 305 сайлаушы тіркелген.

– Мақат ауданында округ әкімінің сайлауы өтпейді екен. Неге?

– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға сәйкес, ауылдық, не кент округі әкімінің сайлауы өкілеттік мерзімі аяқталғанда ғана өтеді. Осы тұрғыдан айтқанда, 18 ауылдық округте әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталған соң сайлау өткізу тағайындалды. Ал, Мақат ауданындағы 2 кент пен 1 ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі әлі аяқталған жоқ. Сол себептен, бұл ауданда округ әкімінің сайлауы өтпейді.

– Ауылдық округтер әкімінің сайлауына қанша үміткер ұсынылды? Үміткерлердің қаншасы тіркелді?

– Еліміздегі сайлау туралы заңдылыққа сәйкес, 18 ауылдық округ әкімінің сайлауына 73 үміткер ұсынылды. Қалалық, аудандық аумақтық сайлау комиссияларында ұсынылған үміткерлер құжаттарының заңдылыққа сәйкестігі тексерілді. Сол тексерудің нәтижесімен 52 үміткер тіркелді.

Мәселен, Атырау қаласының маңындағы Дамбы ауылдық округінен 7 үміткер ұсынылған болатын. Алайда, кейіннен бұл округте 3 үміткер тіркеуден өтті. Ең көп үміткер Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылдық округінде тіркелді. Бұл ауылда әкім лауазымы үшін 4 үміткер сайлауға түседі. Өзге округтерде 3, кейбірінде 2 үміткерден тіркеліп отыр.

Тіркеуден өткендердің арасында саяси партиялардан 24 үміткер бар. Нақтылай айтқанда, Nur Оtan партиясынан 15, «Ауылдан» – 5, «Адалдан» – 2, Қазақстан халық партиясынан 2 үміткер тіркелді. Сондай-ақ, өзін-өзі ұсынған 28 үміткер тіркеуден өтті.

– Тіркеуден өтпей қалған үміткерлердің құжатында қандай кемшіліктер анықталды?

– Үміткерлер тіркеуге құжат ұсынғанда заңдылықта көрініс тапқан талаптар сақталуы тиіс. Алайда, сол талаптарды үміткерлердің бәрі бірдей сақтамайды. Мәселен, 1 үміткердің құжатының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға сәйкес еместігі анықталды. Ал, 2 үміткер кіріс туралы декларацияда тиісті мәліметтерді дұрыс көрсетпеген болып шықты. Тағы 1 үміткер сайлау комиссиясына тиісті құжаттарды толық тапсырмады. Бұған қоса, 3 үміткердің құжаты сайлау жарнасы төленбегені үшін тіркелмеді. Сондай-ақ, 12 үміткер өз еркімен кандидатурасын алып тастады.

– Енді әкім сайлауында бақ сынайтын үміткерлердің мамандығы, жас ерекшелігі туралы не айтасыз?

– Алдымен айтарым, округ әкімі болуға бел байлағандардың арасында 23 үміткер сайлау өтетін ауылдарда тұрады. Сайлау комиссиясында тіркелген үміткерлердің арасында 16 әйел бар. Өзгелері – ер адамдар.

Үміткерлердің мамандығына талдау жасайтын болсақ, мұғалімдердің үлесі басым. Яғни, бұл сайлауда 28 педагог ауыл әкімі болу үшін саяси додаға түседі. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының 7, мемлекеттік қызметтің 18 өкілі, 7 экономист, 4 заңгер бар. Сайлау өтетін ауылдардың 8 әкімі лауазымын сақтап қалуға үмітті болып отыр. Ал, 28 үміткер бюджеттік мекемелерде жұмыс істейді. Жұмыс істемейтін 2 үміткердің сайлаушылар дауысын жинауға тырысады.

Үміткерлердің жас ерекшелігіне тоқталсақ, ең үлкені – 60 жаста. Ең жас үміткер – 1992 жылы туған.

– Өңірдегі кейбір ауылдардың тұрғындары вахталық әдіспен жұмыс істейді. Сайлаушылар арасында сондай тұрғындар болса, олар қалай дауыс береді?

– Иә, Жылыой ауданындағы Қараарна, Қосшағыл, Исатайдағы Аққыстау ауылдық округтерінде вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер бар. Соған байланысты сайлау күні вахталық жұмыста болатын сайлаушыларды алдын ала ақпараттандыру жүргізілді. Олардың арасынан 199 сайлаушы өтініш берді. Сол өтінішке сәйкес, сайлау өтетін күні сайлау комиссиясының мүшелері вахталық жұмыстағы сайлаушыларға дауыс беруге арналған тасымалдау жәшіктерін апарады. Осылайша, сайлау күні жұмыста болатын сайлаушылар жұмыс орнында дауыс береді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 18 ауылдық округ әкімін сайлауға 73 үміткер ұсынылғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар