Әкім эскалатор оқиғасы туралы: Оператор-диспетчерлер үнемі бақылау жүргізуі тиіс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек Орталық базардағы баланың қолын қысып қалған эскалатор оқиғасы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімнің айтуынша, нысан иесі мен эскалаторға жұмысына жауапты компания оқиғаның мән-жайын анықтап, материалдарды құзырлы органдарға беруі тиіс.

«Кез келген эскалаторда апаттық жағдайда тоқтату батырмасы тұруы керек. Ондай батырма жоқ болса, бейнебақылау орнатылып, арнайы бөлмеде оператор-диспетчерлер үнемі бақылау жүргізіп, оқыс оқиғада эскалаторды тоқтатуы тиіс. Бұл үшін бақылау қызметі арнайы бөлмеде монитор алдында отыруы керек. Диспетчерлер болды ма? Сәбидің қолы қысылып қалғанда көмекке келді ме? Мұны тексеру анықтайды. Заң жүзінде нысан иесі мен эскалаторға қызмет көрсеткен компания оқиғаның мән-жайын анықтап, материалдарды құзырлы органдарға беруі тиіс», - деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Сондай-ақ, әкім кейде апаттық тоқтату батырмасының әдейі орнатылмайтынын да атап өтті. Себебі, кей адамдар батырманы ермек үшін басып қалса, кілт тоқтаған жағдайда баспалдақтағы адамдар құлап жарақат алуы мүмкін.

«Эскалаторы бар ғимараттар иесі механизмнің техникалық жағдайын үнемі тексеріп отыруы тиіс, диспетчерлер бақылау бөлмесін тастап кетпеуі керек. Кешегі оқиға көп адамға сабақ болды деп ойлаймын. Эскалатордың оң жағында тұрып, сол жағы арқылы қозғалу керек. Шектеу сызығын баспаңыздар және эскалатордың қозғалмайтын бөлігіне жүк қоймаңыздар. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар және олардың еңбектеуіне, сатыны қолмен ұстауына жол бермеңіздер. Қолға алған сырт киімдер мен шарфтың механизмде шайналып кетпеуі үшін көтеріңкіреп ұстаңыз», - деп кеңес берді әкім.

Еске сала кетсек, кеше Астананың Орталық базарындағы эскалаторда екі жасар қыздың қолы қысылып қалды.  Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметі тиісті көмекті көрсетіп, сәбиді шұғыл түрде №2 қалалық балалар ауруханасына алып кеткен. Сәбидің екі қолындағы жарақаты да бастапқы-хирургиялық өңдеуден өтіп, гипспен таңылды. 

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек эскалатордың ескі техника еместігін айтып, оқиғаны толық тексеруге уәде берді.

Соңғы жаңалықтар