«Ақиқат» журналының 100 жылдығына арналған көрме ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында ҚР Орталық мемлекеттік музейінде «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 100 жылдығына арналған «Кемел ойдың керуені» атты көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы алғаш 1921 жылдың 15 қыркүйегінде Орынборда «Қызыл Қазақстан» деген атпен жарық көрген. Сол кезеңнің өткір мәселелерін көтерген басылымда Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасов сияқты саяси тұлғалар қызмет еткен.

М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», Т.Рысқұловтың тарихи мақалалары алғаш осы журналда шықты.

Басылым атауы бірнеше рет өзгеріп, «Қазақстан большевигі», «Қазақстан коммунисі» деп аталды.

1991 жылдың қыркүйегінен бастап журнал «Ақиқат» атауымен шығып келеді. «Журналдың ребрендингі 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін алған кезеңмен тұспа-тұс келуі жақсылықтың нышаны білеміз», — деп атап өтті басылым қызметкерлері.

«Ақиқат» журналы 2002 жылы Қазақстан Журналистер Академиясының «Алтын жұлдыз», 2008 жылы Журналистер одағының сыйлықтарына ие болды. 2021 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды.

Көрмеге журналдың алғашқы сандары, архивтегі құнды деректер, тарихи жарияланымдардың көшірмелері қойылады.

Көрме 2021 жылдың 22 қыркүйегінен 6 қазанға дейін жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар