Әке-шешесі жұмыста, балалары ауылда: Полицейлер отбасының бір күні

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Жаһанды жалмаған жұқпалы індетке шалдыққандар күн санап көбейіп келеді. Алайда өкінішке қарай, тұрғындар арасында үйде отырғанның орнына еш себепсіз көшеге шығатындар да кездесіп жатыр. Ал дамылсыз жұмыс істеп жүрген кей отбасыларға балаларымен қауышудың өзі бір арман. Осындай жанұялардың бірі – құқық қорғау органында қызмет ететін ерлі-зайыпты Бейбіт Мұсақанов пен Сана Матанова.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында дүниеге келген Бейбіт 2004 жылдан бері полиция қызметкері болып еңбек етуде. Қазіргі лауазымы – Өскемен қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының рота командирі.


Ал Жарма ауданында туған әйелі Сана ШҚО бойынша ҚАЖ Департаменті тәртіп және қадағалау бөлімінің жедел уәкілі.

«Төтенше жағдай режимі енгізілгелі бері шешесі екеуімізде бала қарайтын уақыт мүлде қалмады. Сондықтан оларды 22 наурызда Көкпекті ауданына нағашы ата-апасының үйіне апарып тастағанбыз. Балаларымызды көрмегелі 1 айға таяп қалды. Әрине, сағынамыз. Бірақ біз күні-түні жұмыста жүргендіктен, әр түрлі адамдармен кездесетіндіктен олардың ауылда болғандары дұрыс», - дейді отағасы.

Ерлі-зайыптылар студенттік шақта танысыпты. Екеуі де С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың түлегі. 1 жарым жылдай кездесіп, 2006 жылы шаңырақ көтерген. Сол кезден бері өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көріп келеді. Бір ұл, бір қыздары бар. Бейбарыс биыл 11-ге толса, кенжелері Дария 3 жаста.


«Қазір ротамның жеке құрамы 3 ауысымға бөлініп көшелерді патрульдеуге шығуда. Командир ретінде әр ауысымдағы сақшыларды жинап, нұсқаулар беремін. Қаруларын тапсыртып, жұмыстары жайлы есеп аламын. Бұдан бөлек, өзіміз көшеде жүрген нарядтарға тексеру жүргіземіз. Бір сөзбен айтқанда қызметіміз қауырт. Бос уақытымыз мүлде жоқ», - дейді Бейбіт Мұсақанов.

Отағасы мұндай тығыз жұмыс кестесіне үйреніп кеткен. Оның айтуынша, полиция қызметкері кез келген өзгерістерге дайын болуы керек.

«Әр түрлі адамдар кездесіп жатады. Бес саусақ бірдей емес қой. Тіпті «ешқандай вирус жоқ» деп топ еткізгендер де ұшырасты. Ондайларға «Біздің елімізде ғана емес, бүкіл дүниежүзінде бұл дертпен күрес жүргізіліп жатыр. Сондықтан немқұрайлық танытпаған жөн» деп түсіндіруге тырысамыз. Біздің міндетіміз – халыққа қызмет ету, олардың қауіпсіздігін күзету. Осы сәтті пайдаланып, жерлестеріме айтарым – аса бір қажеттіліксіз далаға шықпаңыздар», - дейді рота командирі.

Жұбайы Сананың да жұмысы жеңіл емес. Коронавирус инфекциясы түзету мекемелеріндегі сотталғандардың арасында тарап кетпес үшін бақылау мен дезинфекциялау шаралары барынша күшейтілген.

«Қазір әр қызметкерді түзету мекемесіне кіргізгенде және шығарғанда толыққанды тексеруден өткіземіз. Температурасы өлшеніп, қолдары, киімдері дезинфекцияланады. Сондай-ақ егер жазасын өтеушілер арасында жұқпалы дерт тарап кетсе қалай әрекет ету керектігін пысықтаудамыз», - дейді Сана.

Анасы балаларымен күн сайын телефон арқылы тілдесіп отырады. Бейбарыс қашықтан оқып жатқандықтан, кешке бірге WhatsApp месcенджеріндегі бейнеқоңырау арқылы сабағына көмектеседі.

«Олар бізге «карантин қашан бітеді? Үйге қайтқымыз келеді» деп күнде айтады. Сағыныштан қанша сарғайсақ та күтуімізге тура келеді. Төтенше жағдайдың тезірек аяқталуы әр адамға байланысты ғой. Сол үшін халыққа айтарым, бәріміз бір тәртіпке бағынып, жеке бас гигиенасын қатаң сақтайық. Сіздер үйде отырып, қауіпті індеттен ада болсаңыздар біз де балапандарымызбен тезірек қауышамыз», - дейді Сана Матанова.



Соңғы жаңалықтар