Ақберен Елгезек Қазақстанда «Әдебиет академиясын» құруды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының төрағалығымен ҚР Ұлттық Академиялық кітапханада отызға тарта жас ақындар мен жазушылардың қатысуымен Жастар кеңесінің форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, ұлттық әдебиет пен ақындық өнерді қолдау және насихаттау мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Жастар кеңесі құрылған болатын. Жастар кеңесі - өнер және әдебиет саласында әдістемелік-сараптамалық жұмысты жүзеге асыратын консультативтік-кеңестік орган болып табылады.

Бұдан кейін Мәдениет және спорт министрі, Жастар кеңесінің төрағасы Арыстанбек Мұхамедиұлының бұйрығымен Жастар Кеңесі төрағасының орынбасары болып Ақберен Елгезек, ал Кеңестің хатшысы болып Бауыржан Қарағызұлы бекітілгені хабарланған еді.

Бүгін өткен кеңестің алғашқы форумында «Жастар әдебиетінің бүгінгі жай-күйі», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отандық әдебиеттерді шетелге насихаттау» сынды өзекті мәселелер көтеріліп, жас ақын-жазушылар өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

«Министрлік жас қаламгерлерді қолдау мақсатында жыл сайын  «Жас толқын» сериясымен жас буындардың еңбектерін жарыққа шығарып отырады. Осы жылы аталмыш сериямен Қуат Қиықбайдың «Бейуақыт» және Бағашар Тұрсынбайұлының «Тіл мен жүрек» сын мақалалары шығарылды. ҚР «Мәдениет туралы» Заңына өзгерістер енгізіп,  қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағидаларын бекітілген еді. Осы ретте, 2017 жылға қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу бойынша комиссиялардың шешімімен 52 шығарма сатып алынды», - деді ведомство басшысы.

Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алудың негізгі мақсаты жазушыларға қаламақы төлей отырып, жаңа тақырыпта, жаңа бағытта шығармаларды шығару, жас қаламгерлердің толқынын артыру болып табылады.

Жиында «Жастар әдебиетінің бүгінгі жай-күйі» жайлы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек сөз тізгінін алды.

«Жастар әдебиетінің жетістіктері туралы айттық. Алайда, жастардың барлығы талантты болғанмен, бәрі гений емес. Шығармашылық адамына өмірбақи кемелдену қажет, іздену қажет. Сол себептен, мен Қазақстанда жоғары оқу орнындай мәртебесі бар «Әдебиет академиясын» құруды ұсынамын. Бұл Академияда мүйізі қарағайдай, классик қаламгерлеріміздің шеберханалары жұмыс істеп тұрса... Қазіргі технологияларды пайдалана отырып, жақын және алыс шетел интеллектуалдарының онлайн лекциялары таратылып оқытылса, Академияда тегін ағылшын және өзге де әлем тілдері курстары жұмыс істеп тұрса дейміз. Содан кейін. Мәселен, Тыныштықбек Әбдікәкімұлының немесе Есенғали Раушанов, не Қабдеш Жұмаділов пен Бексұлтан Нұржекенің шеберханаларына түскен жас қаламгерлерге ортақ лекциялар жүріп тұрса деген тілек бар. Бұл жалғыз әдебиетке ғана емес, жалпы қоғам санасының интеллектуалдық дамып-өсуіне салынған зор инвестиция болар еді», - деді ол.

Ақберен Елгезектің ұсынысына ведомство басшысы тарапынан қолдау табылып, Президент Әкімшілігімен бірлесе жұмыстар атқаруға уəде етілді. Сондай-ақ, жиында Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Қарағызұлы да сөз алып, өз ұсыныстарын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар