Ақбастыдағы «алтын» құдықтың құпиясын кім ашады – Қызылорда облысы

None
None
АРАЛ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Ақбасты елді мекенінде ішіне алтын көмілген құдық туралы аңыз ауыл тұрғындары арасында осы күнге дейін айтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақбасты аудан орталығынан шалғайда орын тепкен. Шамамен – 300 шақырымға жуық. Бұл аумақта қаншама тарихи орындар бар. Солардың бірі ретінде Манабай баз деген орынды айтуға әбден болады. Ескіден жеткен әңгіме бойынша аталмыш аумақта Манабай есімді бай өмір сүрген көрінеді. Шөлді аймақта орналасқан жерде қолдағы төрт түлікке су тауып берудің өзі оңайға соқпаған көрінеді. Манабайдың өрісі малға лық толы болған. Олардың басым көпшілігі түлік төресі – жылқы болғанға ұқсайды.

Сол бір кезеңде атақты бай кесене салдырады. Су тапшылығы болғандықтан, оның кірпіші жылқы сүтіне иленген деседі көнекөздер. Сол кесененің ең биік нүктесі таңғы күн шуағымен көлеңке боп түскен жеріне құдық қаздырған екен. Қазылған құдық халықтың кәдесіне жарап, ол біраз жылдар бойы елге қызмет еткен.

Одан бергі жылдарда қаншама уақыт өтті. Көне кесене де табиғат құбылысына шыдас бермеді. Құдықтан да су шықпайтын болды. Десе де, ел аузында сол құдыққа қатысты әңгімелер әлі күнге дейін айтылады.

Ақбасты ауылындағы №22 орта мектептің әлеуметтік педагогы Ж. Қалыбаев бұл жөнінде былайша сыр шертеді. «Бала кезімізде Манабай базаға жиі барушы едік. Сонда биіктігі 3-4 метр күмбезі бар кесене көзімізге жиі шалынатын. Асты бетон болатын. Өкініштісі, беріде тарихи мұраларға көңіл бөлінбей кетті емес пе? Кесене дауыл мен жауынға шыдас бере алған жоқ. Қазір ол орын тек төмпешік болып жатыр. Манабайдың қаздырған құдығы да көміліп қалды. Бір деректерде онда алтын-күміс секілді асыл тастар көмілгені айтылады. 1970 жылдары кесене аймағы трактормен қаздырылған. Дегенмен, қолға ештеңе іліккен жоқ. Сол аумақтан найзаның ұшы, темір кісендер сынды тот басқан ескі дүниелер шыққан. Мұндай іздестіру жұмыстары сексенінші жылдардың бедерінде тағы бір мәрте жасалды. Ол да нәтижесіз аяқталды», - дейді ол.

Үш жылдай бұрын Ақтөбе аймағынан Манабайдың ұрпағымыз деп келген адамдар тобы сол аумақта іздестіру жүргізді. Бұл жолы да қолға ештеңе түсе қойған жоқ. Осылайша, құдық ішіндегі алтын-күміс туралы деректің рас-өтірігі осы күнге дейін белгісіз қалып отыр.

Соңғы жаңалықтар