Ақбақай тұрғындары Бердібек Сапарбаевқа ауыз су, газ мәселесімен жүгінді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданының Ақбақай ауылында болып, ауылдық округ әкімі Нұрәлі Әбдікерімовтің тұрғындарға есеп беру кездесуіне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған ауылда 639 адам тұрады. «Алтыналмас АК» АҚ филиалы, орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, балабақша, кітапхана, полиция тірек пункті жұмыс істейді. Ресми түрде жұмыссыздар саны 11 адам. Егер бұрын жергілікті тұрғындар жергілікті тау-кен байыту комбинатына жұмысқа орналасуға тырысса, қазір олай емес, себебі, «Алтыналмас АК» АҚ филиалының қызметкерлерді іріктеу шарттары барынша қиындай түскен.

«Біз үлкен кәсіпорында неге жергілікті кадрларға деген сұраныстың жоқтығы жөнінде ойлануымыз керек. Ең алдымен, кәсіпорында орындаушылық және еңбек тәртібін көтеру қажет. Ал ата-аналар балаларын сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын оқытуға жібергендері дұрыс», - деді Бердібек Сапарбаев.

Акционерлік қоғамның кәсіпорындарында Ақбақай ауылынан 97 адам тұрақты еңбек етуде. Өткен жылы мұнда жергілікті сегіз тұрғын жұмысқа орналасқан.

Кездесуде ақбақайлықтар да өздерін толғандырып жүрген мәселелерді көтере білді. Бәрінен бұрын олар үйлеріне табиғи газ тарту, ауыз сумен қамтамасыз ету жайына алаңдаулы.

«Мен бұл мәселелерден хабардармын, газдандыруға қажетті қаражат бөлінеді, жуырда Мойынқұм және Шу аудандары арасында газ тарату станциясы салынады. Жақын арада үйлеріңізге көгілдір отын келетін болады», - деп сендірді облыс әкімі.

Ауыз суға келетін болсақ, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттен қаражат бөлінді, осыдан соң ауылды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша негізгі жұмыстар басталмақ.

Бұдан соң аймақ басшысы «Алтыналмас АК» АҚ жұмысымен, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайларымен танысып, бас менеджер Айдар Қожахметовтің есебін тыңдады.

1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында жыл сайын орта есеппен 1300 килограмм алтын өндіріліп, бір миллион тонна кен өңделеді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 254 мың теңгені құрайды. Өткен жылы кәсіпорынға 5,9 миллиард теңге инвестиция құйылды. Биыл бұл сома 12,3 миллиард теңгеге жетеді деп көзделуде.

Пандемияға байланысты қазіргідей күрделі жағдайда мұндағы жұмысшыларға айтарлықтай материалдық көмек көрсетілгені қуантады. Пандемия кезінде ұжым мүшелерінің көпшілігіне қосымша 200 мың теңгеден, көпбалалы отбасы мүшелері, сондай-ақ асырауында мүгедек балалары барлардың әрқайсысына 50 мың теңгеден берілген десек, барлығы 220 миллионнан астам қаржы материалдық көмекке жұмсалған.

Ұжым жергілікті халықтың мәселелерінен да сырт қалмайды. Кәсіпорын ауыз су жеткізу мен қар тазалауды тұрақты ұйымдастырады, қажет болған жағдайда тиісті техника мен құралдар бөлінеді.

«Мұның бәрі мақтауға тұрарлық, компания басшылығына игі істері үшін ризашылығымды білдіремін. Десе де, сіздерді жергілікті тұрғындарды, әсіресе жастарды жұмысқа қабылдау мен дайындауға ерекше назар аударуға шақырамын», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Кәсіпорындағы кездесу еңбек заңнамасын сақтау және әлеуметтік әріптестік туралы үш жақты меморандумға қол қоюмен аяқталды.


Соңғы жаңалықтар