Ақан Сатаевтың «Боксшы» фильмінде басты рөлді кім ойнайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақан Сатаевтың «Боксшы» фильмінде басты рөлді Смадиар Сабыров есімді жас актер сомдайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті достар, сіздерге арналған маңызды хабарландыруымыз бар! Ақан Сатаевтың «Боксшы» фильмінде басты рөлді сомдайтын актердің бекітілгенін жариялаймыз. Ол - Смадиар Сабыров. Смадиар үшін бұл кино дебют болмақ! Сомдалатын образ күрделі және жауапты, актерден қарқынды физикалық дайындықты талап етеді», - деп жазды режиссер Instagram парақшасында.⠀

Ақан Сатаевтың хабарлауынша, Смадиардың бокста үлкен тәжірибесі бар.

«Соған қарамастан қазiр күн сайын тәжірибелі бапкермен бокстан жаттығу үстінде және актерлік шеберліктің қыр-сырын танып, маңызды рөлге дайындалуда», - деп жазады режиссер.

Еске сала кетсек, Ақан Сатаевтың боксшы Серік Сәпиев туралы фильм түсіріп жатқаны былтыр хабарланған болатын.

«Белгілі бір киноны түсірсек, ол әрекетіміз қандай да бір идол қалыптастыру дегенді білдірмесе керек. Бұл - шынында да, чемпионның, батырдың тарихы. Серік 2012 жылы Жазғы Олимпиадада жетінші алтын медальді алған кезде бұл жетістік ұлттық бірлікке орасан зор үлес қосты. Сол кезде қалай қуанғаным әлі күнге дейін есімде. Идеология деген осы деген ойдамын», - деді кейін Ақан Сатаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.


Соңғы жаңалықтар