Ақан Сатаев «Томирис» трейлерін сынаған парсыларға жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық режиссер, «Томирис» фильмін түсірген Ақан Сатаев тарихи драма желісіне түсіністікпен қарауды өтінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған фильм Тұмар патшайымның қолбасшылығымен сақ тайпаларының ұлы даланы басып алғысы келген парсы патшасы ІІ Кирге тойтарыс бергенін баяндайды.

«Достар, «Томирис» фильмінің трейлері шыққан соң, маған Иран азаматтары пікір жаза бастады. Олардың ойынша, біз тарихты бұрмалап жатыр екенбіз, Геродот Томирис патшайымның парсы патшасы Кирге қарсы күресін ойдан шығарған... «Томирис» фильміне сценарий жазарда авторлар бүкіл әлем мойындаған Геродот еңбектеріне сүйенді. Бұл фильммен ешкімнің қытығына тигіміз келмейді, себебі біз шығармашылық киноны қалаймыз. Оның үстіне, өз заманының ұлы билеушісі болған Кир патшаны ерекше құрметтейміз», - деп жазды А. Сатаев өзінің Instagram парақшасына.

Режиссер Қазақстан ғана емес, бірнеше мемлекет есте сақтап келе жатқан арғы бабалардың тарихын баяндауды мақсат еткендерін жеткізді.

«Фильмнің еш саяси, діни астары жоқ. Әлемнің кез келген нүктесіндегі көрерменнің түсіністікпен қарауын сұраймыз», - деді Ақан Сатаев.

Еске сала кетсек, 18 шілдеде қазақстандық режиссер Ақан Сатаев «Томирис» тарихи драмасының трейлерін жариялады.

Фильм 2019 жылдың күзінде көрермен назарына ұсынылады.

Патшайымның рөлін сомдауға 15 мың үміткердің ішінен психолог-коуч Альмира Тұрсын таңдалған еді.

Картинаның бас продюссері Әлия Назарбаева, қоюшы режиссер Ақан Сатаев, сценарий авторлары Әлия Назарбаева мен Тимур Жақсылықов, Кастинг-директор Жайна Әбдиева, продюсерлер Анна Чакиртова мен Әлия Меңдығожина.

Соңғы жаңалықтар