Академик, ректор болмағаным дұрыс та шығар – Саясат Нұрбек
2022 жылғы 14 маусым 13:25

Академик, ректор болмағаным дұрыс та шығар – Саясат Нұрбек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалған Саясат Нұрбек министр лауазымына өзінің құзіреті туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік желіде сізге қатысты біраз сыни пікір айтылып жатыр. Өзі бірде-бір ғылыми жұмыс жазбаған адам қалай ғылым саласын басқарады деген пікір бар. Өзіңізді осы қызметті, осы лауазымды атқаруға лайықтымын деп санайсыз ба?», - деп сұрақ қойды тілшілер Үкіметтің кулуарында.

«Біріншіден, менің бірнеше моногарфияларым бар, ғылыми журналдарда соңғы 4-5 жылда жарияланған мақалаларым бар. Оларды аса қатты жарнамаламаған едім, бірақ енді белсенді жариялайтын боламын. «Зерттеушілер» сәл қазбалап көруі керек», - деп жауап берді Саясат Нұрбек.

Сонымен бірге, Ғылым министрі өзінің бұл қызметке лайықты, лайықты емес екенін саяси басшылық бағалайтынын айтты.

«Екіншіден, иә, мен академик емеспін, ректор да болған жоқпын. Бір жағынан ол да дұрыс шығар. Неге десеңіз, қазіргі министрліктің негізі мақсаты – жүйелі түрде ғылым мен жоғары білім саласын жетілдіру. Мен ел ағаларымен тікелей қызметте болған жоқпын, бейтарап, объективті түрде жүйелі, ғылыми және техникалық саясатты енгізуге жеткілікті құзіретім мен білімім бар деп санаймын», - деді Саясат Нұрбек.

Бұған дейін Ғылым министрі отбасының Кипрден оралып, балаларының Қазақстандағы қатардағы мектепке баратынын айтқан еді.

Сондай-ақ, бүгін Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалған Саясат Нұрбек салтанатты түрде ант берді.

Сонымен бірге, Саясат Нұрбек Асхат Аймағамбетовтың сапасыз білім беретін жоғарғы оқу орындарынан тазалау жұмысы жалғасатынын айтты.




Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT