Академик Елбасының түркі жастарының басын қосуға қалай күш салғанын айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, химия ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұрат Жұрынов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі жастарының басын қосуға қалай күш салғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанды - түркі дүниесі атажұрт деп есептейді. Оның себебі - көптеген ғасырлар бойы бірінші Түрік қағанаты, екінші Түрік қағанаты, одан кейін Алтын Орда, одан соң Ақ Орда - бәрі түркі дүниесінің мемлекеттері болып есептеледі. Сол құрылған мемлекеттердің негізін құрайтын ру-тайпалар кейін Қазақия деген мемлекетті құрды. Біздің Қазақстанның бірінші мемлекет құрған жылынан бері 553 жыл өтті. Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 550 жылдығын атап өттік», - деді профессор Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұйымдастырған «Ұлы Дала» ІІІ Гуманитарлық ғылымдар форумында.

Мұрат Жұрыновтың айтуынша, түркі бірлігі - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық уақытта бірінші кезектегі мәселесі болып қаралды.

«1991 жылы Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін алысымен Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласын ары қарай дамыту, жандандыру үшін сол жерде А.Яссауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті ашылды. Үш жылдан кейін біз Түркия мемлекетінің келісімімен ол университетті Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құрдық. Мен сол университеттің бірінші ректоры болдым. Сарапшылардың болжамы бойынша дүниеде 240 миллионнан астам түркі бар. Осылардың басын қосу үшін әрбір мемлекетке - қазақ-түрік университетіне квота бердік. Саха Республикасы, Татарстан, Чуваш, Алтай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Түркиядан студенттер келді. Ондағы мақсатымыз - біздің Елбасымыздың ұсынысымен түркі дүниесінің басын қосу болды. Сондықтан, келешекте түркі халықтарының басы қосылады. Ең негізгі мақсат - осы», - дейді Мұрат Жұрынов.

Профессор өз сөзінде бұл заманды Ататүріктің де армандап өткенін тілге тиек етті.

«Түркияда Қазақстаннан мыңдаған студенттер оқиды. Білім саласын қамту керек. Барлық ғылымдар саласын да қамту қажет. Жақында біз екі жыл бұрын Түркі дүниесінің ұлттық ғылым академияларының одағын құрдық. Оның бірінші президенті болып мен сайландым. Президенттік жыл сайын ауысып тұрады. Бұл біздің бірігіп жұмыс істеуімізге, осы құрылған одақтың ұзақ мерзімде жұмыс істеуіне септігін тигізеді», - деді Мұрат Жұрынов.

Соңғы жаңалықтар