Академик Асан Тайманов оқуларында математиктер бас қосты - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 5 желтоқсан күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде атақты математик, академик Асан Таймановты еске алуға арналған дәстүрлі «Тайманов оқулары - 2014» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізіліп, оған қазақстандық және ресейлік ғалымдар қатысты.

Онда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, мұндай шаралар қос ел ғалымдарының өзара тәжірибе алмасып, жаңа ғылыми жетістіктермен бөлісуіне мүмкіндік береді. Математика ғылымы қазіргі таңда кез-келген салада кеңінен қолданылады. Соның ішінде мұнайгаз кеніштерінде, пайдалы кен қазбаларын өндіру бағытында жұмыс жүргізген кезде дәл есептей білудің маңызы зор.

Асан Таймановтың өмірі кейінгі ұрпақ үлгі етуге тұрарлық. 1917 жылы Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылында дүниеге келген Асан Дабысұлы Орал педагогикалық институтын бітіргеннен кейін ұстаздық етіп, математика ғылымымен дендеп айналысты. Соның нәтижесінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі атанды. КСРО ҒА Сібір бөлімшесінде, Новосібір университетінде жұмыс жасай жүріп, бүкіл әлем мойындаған математикке айналды. Қазақстан ҒА Математика және механика институтының директоры ретінде талай кадрды тәрбиелеп шығарды. Ол - елуден астам ғылыми еңбектің авторы, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері. Қазіргі кезде Орал қаласындағы орталық көшелердің бірі академик Асан Таймановтың есімімен аталады. Конференцияда академик-ғалым туралы бейнефильм көрсетіліп, ұрпақтары туралы да айтылды. Оның ұлы мен қызы да әке жолын қуды деп толық айтуға болады. Ұлы Ескендір - физика-математика ғылымдарының докторы, академик, Ресей ҒА Сібір бөлімшесі С.Л.Соболев атындағы математика институты динамикалық жүйелер зертханасының меңгерушісі, Новосібір мемлекеттік университеті геометрия және топология кафедрасының меңгерушісі. Қызы Надежда - ғылым кандидаты, мәскеулік жетекші ЖОО-ның доценті. Жиында Ескендір Асанұлы, сондай-ақ Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Қазбек Бақтыбеков, И.Н.Ульянов атындағы Ульяновск мемлекеттік педагогика университеті физика-математика факультетінің деканы Наталья Кузина, жергілікті ғалымдар баяндама жасап, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Айта кетейік, Тайманов оқулары Оралда 2002 жылдан бері екі жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

Соңғы жаңалықтар