«Ақ жол» партиясының өкілдері Елбасының еңбегіне баға берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ақ жол» партиясының мүшелері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін тоқтатуына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен, «Ақ жол» партиясынан Мәжіліске депутат болып сайланған Берік Дүйсенбинов Елбасының Президенттік өкілеттігін тоқтатуын күтпеген жаңалық болғандығын айтады.

«КСРО-ның қирандысынан бүгінгі Тәуелсіз, әлем мойындаған, терезесі тең Қазақстанға дейінгі жолды тек Елбасының атымен ғана байланыстырамын. Елбасымен замандас болғанымды мақтан тұтамын. Алып мемлекеттердің арасында адасып қалмай, көршілерге адал серіктес, қиналғандарға қол үшін созған бауырлас, соғысқандарды татуластырған бейбіт мемлекет болдық. Өшкен ұлттық құндылықтарымыз қайта жанды. Адам баласы жақсылыққа жылдам үйренеміз ғой. Күні кеше ғана электр жарығы болмай, сабынды қантқа айырбастап, бала шағамызға киетін киім болмай қалған күндерді бүгін ұмыттық. Бүгін, Елбасының сөзінен кейін көңілге бір өкініш ұялады. Елдің тарихында Елбасыдай басшы қайталанбасы анық», - деді ол.

«Ақ жол» партиясы ОК хатшысы Арман Сқабылұлы да Тұңғыш Президенттің мәлімдемесін екіұдай сезіммен қабылдағандығын баса атап өтеді.

«Қазақтың Жаңа жылы - Наурыз мейрамы қарсаңында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Өз басым бұл жаңалықты екіұдай сезіммен қабылдадым. Қанша дегенмен бүкіл отыз жылдық еңбек ғұмырым осы бір тұлға қазақ мемлекетін басқарған дәуірмен тұспа-тұс келіпті. 1989 жылы газет редакциясының табалдырығын аттаған сәттен бастап журналистік жұмыс дәл осы Назарбаев дәуірінде өтті. Бір рет Нұрсұлтан Әбішұлынан сұхбат алдым. Елдегі жағдай өте қиын кезең болатын. Қазіргідей дайын сұрақтар емес, көңілім қалаған, көптен көкейде жүрген сауалымды қойғаныма бүгін ешкім сенбейтін де шығар!», - деп жазады Арман Сқабылұлы .

Сонымен қатар ол Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тарихындағы қайталанбас тұлға екендігіне баса назар аудартады.

Ал «Ақ жол» партиясы Алматы облыстық филиалының төрайымы Мейраш Шынасылова мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы жолында атқарған Елбасының еңбегіне жоғары баға береді.

«Елбасының қабылдаған шешіміне қарсы тұра алмаймыз. Бұл кемелденген тұлғанын шешімі! «Өзіне өзі сын көзімен қарамайтын xалық болашағына көп үміт арта алмайды. Біз бойымыздағы озығымыздан үйреніп, тозығымыздан жирене білсек қана өркениетті мемлекет, еңселі ел боламыз»,- деген Елбасының сөзі оның биік тұлға екендігін дәлелдей түседі», - деді М.Шынасылова.

Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан xалқына үндеу жолдап, өз өкілеттілігін тоқтатуға шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар