«Ақ жол» партиясы үшін парламенттік оппозиция институтын енгізу өте маңызды – Азат Перуашев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ақ жол» партиясы үшін парламенттік оппозиция институтын енгізу өте маңызды. Бұл туралы партия төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мемлекет басшысының сайлау өткізу туралы бүгінгі шешімі біз үшін тосын жағдай болған жоқ. Асылында, мұны бәрі көптен күтті. Тіпті сайлаудың мерзімінен бұрын емес, әдеттегі мерзімде өтуі де – сирек кездесетін жағдай. Бұл Мәжілістің қазіргі құрамына толық мерзімін аяқтауға мүмкіндік береді. «Ақ жол» партиясы да кез келген жауапты саяси партия секілді бұл сайлауға дайын. Кез келген партия алдыңғы сайлау аяқталған соң, бірден келесі сайлау дайындығына кірісуі керек. Және «Ақ жол» партиясы бұл сайлауға 2016 жылдан бері дайындалып келеді. Қалай дайындалды? Ең алдымен Мәжілістегі, мәслихаттардағы депутаттарымыздың қызметі арқылы өз көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды жүзеге асырдық. Бүгінде мәслихаттарда 50-ге жуық депутатымыз бар. Осы уақыт ішінде біз қорғап келген қағидалар – ұлттық мүдде мәселелері, нарықтық реформаларды дамыту және жеке кәсіпкерлікті қолдау мәселелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері, парламентаризмді, парламентаризм институттарын қоғамның күнделікті өміріне енгізу мәселелері қазір де елімізде сұранысқа ие және өзекті деп есептейміз», - деді депутат елордада тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде атап өткен новеллалар «Ақ жол» партиясының көзқарастарына сәйкес келеді. Партия үшін парламенттік оппозиция институтын енгізу және оның саяси құқықтарын іске асыру кепілдіктерін бекіту өте маңызды.

«Өткен кезеңде «Ақ жол» партиясы өз тәжірибесінде осы кепілдіктердің жетіспейтінін сезінді, пікірталас кезінде депутаттардың микрофонын өшіріп тастайтын. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасымен парламенттік оппозиция институты енгізілген соң, мұндай жайттардың болмайтынына сенімдімін», - дейді депутат.

Сонымен бірге, А.Перуашев мәслихаттарға партиялық тізім бойынша сайлаудың жергілікті жердегі барлық партия өкілдеріне өз мүмкіндіктерін іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мәслихаттарда түрлі партия өкілдерінің пайда болуы пікірталасты жандандырып, қоғамның барлық топтарының мүдделерін барынша толық қамтылуына көмектеседі.

Сөз соңында депутат әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізу бойынша өз пікірін білдірді.

«Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясында әйелдер 40 пайызды құрайды және бұл ешқандай квотасыз, партияның өз еркімен қамтылған. «Ақ жол» партиясында адамдарды жынысы немесе жасы бойынша ұсынбайды», - деді Азат Перуашев.


Соңғы жаңалықтар