«Ақ жол» партиясы коммуналдық саладағы делдал ұйымдарды жоюды ұсынады – Меруерт Қазбекова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ақ жол» фракциясы атынан ҚР Премьер-Министрі атына депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова электр энергиясы нарығындағы жүйелі проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің депутаттық сауалымызға «Ақ жол» партиясы бірнеше мәрте атап көрсеткен электр энергиясы нарығындағы жүйелі проблемалар себеп болып отыр. Бұл проблемалар электр энергиясын өндірушілерде де, энергия таратушы да, энергиямен жабдықтаушы да ұйымдарда бар», - деді Меруерт Қазбекова Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында.

Оның айтуынша, электр энергиясын өндірушілерге стансалар үшін электр энергиясына арналған бағаны мемлекеттік реттеу енгізілген. Шекті баға стансалар тобына байланысты 1 кВт/сағат үшін 2-ден 14 теңгеге дейін ауытқып отырады. Құрамында бірнеше станса, оның ішінде ГРЭС-1 мен ГРЭС-2 кіретін «Самұрық-Энерго» ірі электр өндіруші саналады. Осы компания электр энергиясы және бәсекелестік туралы заңдарды бұза отырып, ГРЭС-1 өндіретін құны 1 кВт/сағаты 5,76 теңге болатын арзан электр энергияны емес ГРЭС-2 өндіретін құны 7,31 теңгелік энергияны кәсіпкерлерге сатып отыр.

«Бұған қоса, мемлекеттік компания электр энергиясын тікелей емес жеке делдал энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арқылы сатады. Мәселен, жария орналастырылған ақпараттарға сәйкес, «Қазақстан темір жолы» АҚ жыл сайын тікелей ГРЭС-1 мен ГРЭС-2-ден емес жеке энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электр энергиясын сатып алады. Ал «Самұрық-Қазына» қорының сатып алулар туралы ережесі ҚТЖ-ға электр энергиясын конкурссыз-ақ қор тобына кіретін аталған стансалардан тікелей сатып алуға мүмкіндік береді», - деді депутат.

Осыған орай «Ақ жол» фракциясы Үкімет атына бірнеше ұсыныс жасады.

«Ақ жол» фракциясы осыған орай ашықтық пен бәсекелестік тетіктерін енгізу арқылы энергетика нарығының моделін түбегейлі қайта қарауды; ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға делдалдар арқылы электр энергиясын көтерме сатып алуға тыйым салуды; Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ арқылы ең төменгі көлемді бекітіп, ашық электронды саудада электр энергиясын сату көлемін арттыруды; тұтынушылар үшін электр энергиясына арналған тарифті төмендету мақсатында энергия таратушы ұйымдарды ірілендіру бойынша нақты шараларды әзірлеуді; коммуналдық кәсіпорындарды басқару бойынша барлық делдал мемлекеттік ұйымдарды жоюды ұсынады»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар