«Ақ жол» фракциясы Парламентте заң жобаларына 10 мыңнан астам ұсыныс жасады – Азат Перуашев

Фото: Фото: t.me/tvkhabar24
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев партияның Парламенттегі басты жетістіктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақ жол» демократиялық партиясы – отандық өнідірісшілер мен ұлтжанды азаматтардың партиясы. Басқалар өз қиялымен уәдені үйіп-төксе, біз нақты не істегенімізді және бұл жұмысты әрі қарай қалай жалғастыратынымыз туралы айтамыз. Біздің басымдықтар, ұлттық ұстанымдар – еркін экономика мен отандық өндірушілерді қолдау, парламенттік республика, деофшоризация мен капиталды елге қайтару», - деді А. Перуашев «Хабар» арнасындағы теледебатта.

Оның айтуынша, «Ақ жол» фракциясы Парламенттегі жұмысы кезінде заң жобаларына 10 мыңнан астам ұсыныс, 600-ден астам депутаттық сауал жолдап, 14 заң жобасының ұйытқысы болды.

«Бюджеттің атқарылуы туралы есептер, министрлерді тағайындау және басқа да маңызды мәселелерді талқылағанда «Ақ жол» өзгеше пікірін айтып, дауыс бергенде Үкіметті ұдайы қолдамады. Парламентте жұмыс істегенде біз билік тарапынан жылдар бойы кедергі қойылып келген бірқатар маңызды бастамаларды көтердік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен біз 2012 жылдан бастап ұсынған «Парламенттік оппозиция туралы» заң қабылданды, Ақ жол партиясы 2014 жылдан бері ұсынып келе жатқан «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылданды, ӨКМ және ҚҚТ монополиясы жойылды, біз 2017 жылдан бері олардың заңсыз екенін бірнеше рет көрсеткен едік», - деді партия басшысы.

Сондай-ақ Президент 1 қыркүйектегі жолдауында «Ақ жол» 2011 жылдан бері көтерген салықтардың сараланған мөлшерлемелерін енгізуді, отандық кәсіпорындарды мемлекеттік сатып алуларда қолдауды тапсырды, біз оны 2015 жылдан бастап талап етіп келдік, «Капиталды қайтару туралы» заңды әзірлеуді «Ақ жол» партиясы 2013 жылдан бері талап етіп келді және тағы басқалары бар.

«2019 жылы «Ақ жол» партиясы үлкен өзгерістер болатынын, бірақ оларды басқару маңызды екенін айтты. Біздің бағдарлама осындай нақты өзгерістері бар ұсыныстардан тұрады. Біз оның Президент Тоқаевтың ұстанымымен үндес екенін көріп отырмыз, ол жақында жаңа реформалар пакетін ұсынатынын айтты. «Ақ жол» партиясы өзгерістер жай ғана әдемі сөз емес, нақты істер болуы үшін өз үлесін қосады», - деді Азат Перуашев.

Айта кетейік, «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдері арасында дебат өтіп жатыр.

Пікірсайысқа «Amanat» саяси партиясынан – Ерлан Қошанов; «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан - Айдарбек Қожаназаров, «Қазақстан халық партиясынан – Оксана Әубәкірова, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан – Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан – Азат Перуашев, ал «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан» Нұрлан Әуесбаев түсіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар