«Ақ жол» депутаттары: Қашықтан оқытудағы сәтсіздіктерге кім жауап береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаты Дания Еспаева білім беру саласындағы өзекті мәселелерге қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2016 жылдан бастап білім жүйесіне республикалық бюджеттен 27,2 млрд теңгеге трансферт бағытталды. Оның ішінде бұл қаражат мультимедиялық жабдық алуға, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге, мектепті цифрлық білім беру ресурстарына қосуға негізделді», - деді Д. Еспаева.

Осы орайда ол 2017 жылы БҒМ бастамасы бойынша Қазақстан тарапы «Орта білімді жаңғырту» жобасын қаржыландыруға 67 млн АҚШ доллары сомасында Дүниежүзілік банк займын тартқанын еске салды. Жоба мақсаты - ауыл және қала мектептері арасындағы білім сапасын теңестіру. Оның аясында 5 мың мектепті мультимедиялық жабдықпен қамтамасыз ету ескерілген. Барлық ауыл мектептері компьютермен жабдықталады деп жоспарланған.

«Алайда, мәселенің өзектілігіне қарамастан, қолдағы ақпаратқа сәйкес жобаның ешбір бағыты бойынша осыған дейін конкурс жарияланбаған. Ал ауыл мектептері үшін интернетпен қамтамасыз етуге компьютер мен жабдықтарды алуға техникалық тапсырма да әзірленбеген. Дегенмен, Қазақстан үш жыл қатарынан займды резервтеу үшін бюджеттен комиссия төлеп келеді», - деді депутат.

Сонымен қатар ол 2020 жылдың шілдесінде Білім министрлігі оқыту процесін цифрландыру мен мектеп сабақтарының онлайн қолжетімдігі үшін жабдықтау шараларына 74,2 млрд теңге сомасында қаржылындыру тұрғысында Үкіметке өтінім жасағанын айтты.

Бұдан бөлек Д. Еспаева 29 шілдеде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына тиісті хат жолданғанын, онда 67 млн доллар көлеміндегі халықаралық займға қатысты сауалдар қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ 2016 жылдан бастап (27,2 млрд теңге) мектептер үшін жергілікті білім басқармаларына бөлінген қаржының игерілуіне байланысты сұрақтар бағытталған.

Оның айтуынша, заңнама аясында мемлекеттік орган суалдарға бір ай ішінде жауап беруі тиіс. Алайда әлі күнге дейін ведомстводан жауап келмеген.

Бұл тұрғыда депутат Үкімет басшысы Асқар Маминнен Білім және ғылым министріне тиісті тапсырманы жүктеуді сұрады. Осы орайда, биылғы 29 шілдедегі «Ақ жол» фракциясы депутаттарының сұрақтарына жауап беру, депутаттар сұраған ақпаратты ұсынудан жалтарған министрліктің жауапты адамдарын жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілді.

Сонымен қатар, Қаржы министрлігінің тиісті комитетіне білім саласын цифрландыру мен қашықтан оқытуға бөлінген қаржының тиімді игерілуіне қатысты тексеру жүргізуді тапсыру ұсынысы айтылды.


Соңғы жаңалықтар