Ақ Жайықта ақын Ақұштап Бақтыгереваның мерейтойлық кеші өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгерееваның «Өлең-өмір» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл елі Ақ Жайықтың ақ шағаласы деп атап кеткен Ақұштап Бақтыгерейқызының 75 жасқа толғаны белгілі.

Осыған орай облыс аудандарында ұйымдастырылған шаралар Орал қаласында жалғасын тапты.

Кеш барысында ақынның өлеңдері оқылып, оның сөздеріне жазылған әндер шырқалды. «Ерке самал» атты қойылым көрермендерге айрықша әсер етті.

Әдеби-музыкалық кешке ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Рымбаеваның арнайы қатысып, Ақұштап ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді орындауы шара шырайын аша түсті. Оған ақынның қызы, танымал қобызшы Ғазиза Ғабдырахимқызының қосылуы өлең мен күй қатар қонған киелі шаңырақтың мәртебесі биік екендігін, мәңгі өлмейтін бабалар мұрасынан бастау алып жатқандығын тағы бір танытты.

Сахнаға Ақұштап Бақтыгерееваның өзі де көтеріліп, жиналған жұртшылыққа сыр тиегін ағытып, өзегін жарып шыққан өлеңдерін оқыды.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев ақынның шығармашылық әлеуеті, жыр әлемі ешкімге ұқсамайтындығымен ерекшеленетінін, елі оны қайраткер ретінде де әрдайым құрметтейтінін атап өтті.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, ақын Ғалым Қалибекұлы, жазушы-журналист Сара Ләтиева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, сатирик Көпен Әмірбек және басқалар мерейгерге игі тілектерін жеткізіп, оның қазақ әдебиетіндегі орны, алған биіктері мен асуларына тоқталды.

Ақынның 75 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар сенбі күні туған жері – Теректі ауданы Ақжайық ауылында қорытындыланады. Мұнда «Алаш жырының ақ шағаласы» атты мәдени шара мен «Ғаламат жыр тудырар ақын бейне» атты республикалық әдеби-жыр байқауы дала қызықтарына ұласады.




Соңғы жаңалықтар