Ақ Жайықта Абай жылы салтанатпен ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өңірдегі Абай жылы салтанатпен ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай – халықтың рухани қазынасы» атты шарада ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздері оқылды.

Театрландырылған көріністе Абайдың бейнесі (әртіс Мұсағали Бектенов) еңселеніп, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің (бас дирижеры Еркін Нұрымбетов) сүйемелдеуімен белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Хатимолла Бердіғалиев әуелете ән шырқады. Өңірге танымал өнерпаздар Абайдың басқа да туындыларын орындады.

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Ғали Есқалиев ұлы ақынның 175 жылдығына арналған жиындар жыл бойы жалғасатынын жеткізді.

Орал қаласындағы Абай алаңы абаттандырылып, оның қара сөздері, афоризмдері жазылған тастар орнатылады.

Облыс басшысының атап өткеніндей, Ақ Жайық өңірі – әлем әдебиетінің классиктері Пушкин, Толстой, Крылов, Даль және басқа танымал ақын-жазушылардың ізі қалған тарихи мекен. Осы Пушкиннің, Крыловтың, Лермонтовтың шығармаларын қазақ тіліне аударып, күллі қазақ даласына танытқан Абай болатын. Сондықтан қазіргі Пушкин музейінің жұмысы қайта құрылып, мұнда келген көрермендерге орыс әдебиеті классиктерінің мұралары Абай арқылы жаңа қырынан көрсетіледі.

Өңірдің тағы бір ерекшелігі – Ресей Федерациясының бес облысымен шектесетіндігі. Бұл облыстарда 470 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Алдағы уақытта Ресейдегі қазақтарға Абай мұралары кеңінен насихатталып, шығармаларының электронды нұсқалары қазақ диаспорасы өкілдеріне таратылатын болады.

Ұлы Абайды Батыс Қазақстан облысымен байланыстыратын бір жайт – оның ұстазы, оқымысты, діндар, ғалым Камараддин Бижомартұлының Бөкей ордасы ауданынан түлеп ұшқандығы. Ол 1807 жылы осы өңірде дүниеге келген.

Камараддин туралы алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай: «Құнанбай қажы баласы Абайды Семей қаласында орналасқан медресеге оқуға берген. Үш айдан кейін: «Мына бір жас молданың оқуы күшті екен», - деп Камараддин молдаға ауыстырған» деп жазды.

«Осындай құнды тарихи шежірелерімізді кейінгі ұрпаққа насихаттап, Абай бабамыздың өшпес дүниелерін ұрпағымызға өнеге қылып қалдыруымыз керек», деді өңір басшысы.


Соңғы жаңалықтар