Ақ Жайық жұртшылығы Денис Тенді еске алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақ спортының жарық жұлдызы Денис Теннің құрметіне арналған шаралар Оралда да өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Денис Тенді қадір тұтатын барлық спортшылар, Ақ Жайық жұртшылығы қаладағы жабық мұз айдыны сарайына жиналып, гүл шоқтарын қойды. Қаралы жиын өткізіп, атақты мәнерлеп сырғанаушыны еске алды.

«Бұл - барша Қазақ елі үшін үлкен қайғы. Денис Тен спорттық жолында үлкен табыстарға қол жеткізумен бірге адамгершілігі мол, елге, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген замандастарымыздың бірі еді. Естігенде, қатты қиналдық. Спортшы болғандықтан, кездесіп, көз алдыңда жүрген аяулы жанды қалай өлімге қиярсың. Бұдан үш жыл бұрын, 2015 жылғы 5 сәуірде Елбасының қатысуымен Оралда өткен «Жастар қуатты Қазақстан үшін!» республикалық форумына Денис Тен де келген болатын. Сол кезде бірге болып едік. Арада үш жыл өткенде даңқты спортшының өмірі бұлайша кілт үзіледі деп кім ойлаған. Біз, Ақ Жайық спортшылары Денис Теннің отбасына, тума-туысқандарына, барша жанкүйерлеріне қайғырып, көңіл айтамыз. Денис Тенді біз еш уақытта ұмытпаймыз», деді жиынға қатысқан самбодан төрт дүркін әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ерболат Байбатыров.

Айта кетейік, атақты мәнерлеп сырғанаушының атасы қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде (бұрынғы Орал педагогикалық институты) оқығаны бұдан үш жыл бұрын сол форумға келген кезінде белгілі болған еді.

Бұл туралы Денис Теннің өзі Инстрагамдағы парақшасында былай деп жазды да: «Әлем чемпионаты Шанхайда болып жатқан кезде маған елден хабарласып, Оралда өтетін форумға шақырды. Менің Оралға баратынымды білген әжем отбасы шежіресінен қызықты деректің бетін ашты. Сөйтсем, атам Оралдағы атақты М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген екен. Атамды өзім көрген жоқпын. Бірақ білетіндердің айтуынша, мен оған өте ұқсас екенмін. Сыртқы түрім де, қимыл-қозғалыс, ойымды жеткізуім де, тіпті қолтаңбам да атама келеді екен. Елбасымен кездесу әрқашан шабыттандырады. Сонымен бірге университетте болуым да ерекше әсер қалдырды. Атам жүрген жерлерде, ол оқыған дәрісханада болу қандай бақыт! Маған оның осында оқығаны жөніндегі құжаттарды, анықтама, жеке қағаздарын көрсетті. Нағыз тарихи деректер. Оралдықтарға мені осылайша қонақжайлылықпен қарсы алып, жылылық сыйлағаны үшін алғысымды айтып, қаланың одан әрі жайнап, гүлдене беруін тілеймін».

«Елбасының қатысуымен өтетін мұндай жиындардың біз секілді жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор. Ұлт көшбасшысының қажырлы еңбегі арқасында Қазақстан жиырма жылдан асатын уақыт ішінде барлық салада аса үлкен табыстарға қол жеткізді. Соның ішінде спорт саласы, әсіресе, өзім айналысатын мәнерлеп сырғанаудың қарышты дамығанын жақсы білемін. Қазақстандық спортшылардың жеткен биіктері аз емес. Өзім Оралға Қытайдағы әлем чемпионатынан қола жүлдемен келдім. Елбасы бізге сенеді, сондықтан алдағы уақытта да олжа саларымыз анық», деп еді сонда 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасы мен 2015 жылғы дүниежүзілік доданың қола медаль иегері Денис Тен.

Осылайша атасының ізі қалған Оралда болған Денис Тен Ақ Жайықтан үлкен әсермен кетіп еді.
nullnull

Соңғы жаңалықтар