Ақ Олимпиада ойындары несімен есте қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін әлем назарын өзіне аударған Ақ Олимпиада ойындарының алауы сөнеді. Осы орайда Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиаданың басты ерекшеліктеріне қысқаша шолу жасап өтсек.

Жазғы да, Қысқы да Олимпианы өткізген тұңғыш қала Бейжің Қысқы және Жазғы Олимпиада ойындарын қабылдаған ең алғашқы қала ретінде тарихқа қалды. Бұған дейін Олимпиада ойындарының тарихында бір қалада жазғы да, қысқы да ойындар өтіп көрмеген. Еске салсақ, Бейжіңде 2008 жылы Жазғы Олимпиада ойындары өткен болатын. Ал 2022 жылғы Олимпиаданы өткізу құқығы үшін Қытай астанасының басты бәсекелесі Алматы болған еді.

2022 жылғы ойындар «Таза мұз бен қардағы қуанышты күн» ұранымен өтті және 2008 жылғы Олимпиаданың мұрасына негізделді. Сондай-ақ Ақ Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі мен жабылу салтанаты 2008 жылы жазғы Олимпиада ойындары өткен стадионда өтті.

Тағы бір айта кететін жайт,Қысқы Олимпиада медальдары 2008 жылы Бейжіңде өткен Жазғы Олимпиада жүлделеріне ұқсата жасалған. Оның басты себебі - Қытай астанасы Жазғы және Қысқы Олимпиаданы қатар өткізген түңғыш қала екенін сезіндіру. Айта кетер жайт, Бейжің Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арналған тұғыр экологиялық таза және өңделген материалдардан жасалды.

Үш қалада бір уақытта өткен Олимпиада

Бейжің Олимпиада ойындарын қабылдаушы астана ретінде таңдалғанымен, жарыстар бір емес, үш қалада бір уақытта өтті. Олар - Бейжің, Янцин және Чжанцзякоу қаласы.

Бейжің қаласында барлық мұз жарыстары (керлинг, хоккей, конькимен жүгіру спорты), сондай-ақ қарда төрт жарысты (ерлер мен әйелдер арасындағы сноубординг пен шаңғы фристайлындағы биг-эйр) өтті.

Яньцинь – астананың қала маңындағы ауданы, Бейжіңнен солтүстік-батысқа қарай 80 км жерде, Ұлы Қытай қабырғасының әйгілі бөліктері – Бадалин мен Джунгугуан орналасқан жерде. Онда шаңғы, бобслей, скелетон және шана спортынан медальдар ойнатылды.

Ал үшнші қала Чжанцзякоу солтүстік-батысқа қарай көршілес Хэбэй провинциясында орналасқан. Танымал қысқы курорт Чунли сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлоннан жарыстарды қабылдады.

Олимпиада алауын алғаш рет машиналар да алып жүрді

Бейжің Олимпиадасында тарихта алғаш рет алауды адамдар ғана емес, машиналар да алып жүрді. Эстафета үш олимпиадалық кластер бойынша 12 кезеңнен тұрды. Алауды алып жүруге 14 пен 86 жас аралығындағы жалпы есебі 1200 алау ұстаушы қатысты.

Тағы бір ерекшелігі - Бейжің Олимпиадасына барғандарға роботтар қызмет көрсетті. Олар қонақ үйге жайғасқан адамдарға керек-жарақтарын жеткізіп беруге қолғабыс етті.


Шетелдік көрермендер көгілдір экраннан ғана көрді

Бейжің Олимпиадасы Қытайдың Жаңа жылымен және елдің ұлттық Көктем мерекесімен тұспа-тұс келді. Бұрын осы мереке кезінде елге туристер көп келетін. Одан бөлек Олимпиада ойындарында өз құрамасына жанкүйер болуға әлемнің түкпір-түкпірінен спортсүйер қауым Қытайға ағылады деп жоспарланған еді. Алайда коронавирус, пандемия барлық жоспарды өзгертті. Ойындарды шетелдік көрермендер тек көгілдір экран арқылы тамашалады. Осылайша, шетелдік жанкүйерлерлердің келуіне тыйым салынғандықтан, Олимпиада билеттері тек Қытай тұрғындарына ғана сатылды.

Қатаң санитарлық талап

Санитарлық талаптарға келер болсақ, Бейжің Олимпиадасына коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсын алған спортшылар ғана қатыстырылды. Сондай-ақ, қатысушылар Қытайға келгеннен кейін жабық цикл жүйесінде болды. Олимпиадаға келген барлық азаматтар тек маскамен жүруге міндеттелді. Тек жеңіс тұғырына көтерілген спортшыларға марапаттау кезінде ғана маскасын шешуге рұқсат етілді.

Бейжің Олимпиадасы санитарлық талап жағынан ең қатал өткен Олимпиада болды. Әр елден келген қонақтарға қала аралауға немесе белгіленген аймақтан тыс дүкендерге баруға тыйым салды.

Олимпиада ашылуына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты

Ақ Олимпиаданың Салтанатты ашылу рәсіміне ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып қатысты. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен қатар Аргентина, Мысыр, Қырғызстан, Польша, Ресей, Сингапур, Сербия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Эквадор президенттері, Қатар Әмірі, Босния және Герцеговина, Грекия, Моңғолия және Пәкістан премьер-министрлері, Камбоджа Королі, Сауд Арабиясының тақ мұрагері, Абу-Дабидің тақ мұрагері, Монаконың ханзадасы, Люксембургтың Ұлы герцогы, Таиландтың ханшайымы, БҰҰ Бас хатшысы, Халықаралық олимпиада комитетінің Президенті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры, Шанхай ынтымақтық ұйымының Бас хатшысы және басқа да бірқатар шетелдік ресми тұлға қатысты.

Туымызды ерекше киінген екі спортшы алып шықты

Олимпиадаға қатысушы мемлекеттер спортшыларының салтанатты шеруінде Қазақстанның Мемлекеттік туын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруші Екатерина Айдова алып өтті. Олар алаңға арнайы тігілген сақ патшайымы мен қазақ батырының образындағы киім үлгісемен бүкіл әлем назарын өзіне аударды.

Қазақстан формасы ең сәнді форма атанды

Бейжің төріндегі Қысқы олимпиадада Қазақстан құрамасының киген формасы ең сәнді киімдер тізіміне енді. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитеті мен шетелдік басылымдар жарыса жазды. Жалпы соңғы Олимпиадалрдың барлығында Қазақстан құрамасының формасы үздіктер қатарынан көрініп жүр.

Сондай-ақ Олимпиадада тұңғыш рет Қазақстан командасының экипировкасына ел атауы латын қарпымен қазақ тілінде «Qazaqstan» деп жазып шықты.

19 қазақстандық Олимпиадаға тұңғыш рет қатысты

Бейжің Олимпиадасына қатасқан қазақстандық 34 атлеттің 19-ы төрт жылдық додаға алғаш рет қатысты. Жалпы ел намысын қорғаған спортшыларды атап өтсек:

Шаңғы жарысы - Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга. Фристайл-могул - Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков. Шаңғы акробатикасы - Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев. Тау шаңғысы - Ерлер арасында Захар Кучин (слалом мен гигантты слалом) мен әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая бақ сынады. Шаңғымен секіру - Сергей Ткаченко мен Данил Васильев, сондай-ақ, шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Ракпаров. Биатлон - Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев, конькимен жүгіру спортынан Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузин. Шорт-трек - Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова. Осылайша, қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиадаға 87 жолдама жеңіп алған еді.

Қазақ қызы сұлуылығымен жанкүйерлерін тәнті етті

Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарына тұңғыш рет Қытайда тұратын үш қандасымыз қатысты. Олар: коньки спортынан - Ақнар Адақ, шаңғы спортынан - Баян Жалын және Қадыс Беделханұлы. Өкінішке қарай, үшеуі де жүлдеге іліне алған жоқ. Олардың арасынан контькимен жүгіруден сынға түскен Ақнар Адақ сұлулығымен түрлі елден келген жанкүйерлерді тәнті етті.

Олимпиадада Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні шырқалды

Бейжің Олимпиадасында қазақтың бас ақыны Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні шырқалды. Бұл әуенге латвиялық мәнерлеп сырғанаушы Денис Васильев қысқа бағдарламада сырғанады. Қазақ ақынының әнімен мұз айдынында қалықтаған Васильев қысқа бағдарлама сайысында 85,30 ұпай еншілеп, 16-орын алды. Екі бағдарлама қорытындысы бойынша да латвиялық мәнерлеп сырғанаушы жүлдеге іліне алған жоқ.


Жаңа жарыс түрлерінен медальдар сарапқа салынды

Осы Олимпиада ойындарына Сауд Арабиясы мен Гаити елдері тұңғыш рет қысқы ойындарға қатысты.

Бейжіңде Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген жарыс түрлерінен мадальдар ойтатылды. Ол спорт түрлері: шорт-тректен аралас эстафета, шаңғы акробатикасынан, шаңғымен тұғырдан секіруден және сноуборд-кросстан аралас командалық турнир, фристайлдан ерлер мен әйелдер арасындағы биг-эйр, сондай-ақ, монобобтан әйелдер арасындағы жарыстар.

Осы қосымша жарыс түрлері арқылы қысқы ойындар тарихында алғаш рет гендерлік теңдік мәселесі басты назарға алды. Нәтижесінде 2018 жылғы ойындармен салыстырғанда, жарыстарға қатысқан әйелдер саны 45 пайыздан асты.

Шорт-трекшілердің тарихи жетістігі

Бейжің Олимпиадасында шорт-тректен ел тарихында алғаш рет қос спортшымыз жекелей сынның финалына шықты. Нәтижесінде Абзал Әжіғалиев 500 метрлік қашықтықта финалда сынға түсіп, 4-орынға ие болды. Екінші спортшымыз Әділ Ғалиахметов 1500 метрлік бәсекеде үздік ондыққа еніп, Олимпиаданы 8-ші орынмен аяқтады. Сондай-ақ, шорт-трекшілеріміз тұңғыш рет аралас эстафетада алдыңғы 5-тіктен табылды.

Бейжің олимпиадасында шорт-тректен 4-ші орын алған Абзал Әжіғалиевке Қазақстан Республиксының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхат жолдап, дүбірлі додада нағыз ерік-жігер көрсеткені және жеңіске деген ұмтылысы үшін алғыс айтты.
Соңғы жаңалықтар