Ақ халатты абзал жандар: ауыл дәрігерінің халі қандай?

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Соңғы кезде қоғамда көпбалалы аналар мәселесі кеңінен талқылануда. Шынымен, заман ағымына қарай балаларды тәрбиелеп өсіру, бар қажетімен қамтамасыз ету оңай емес. Дегенмен, қиындыққа қажымай, ауырлыққа мойымай, ана болу бақытынан бас тартпай, сәбилерін тәрбиелеумен қатар, өз мамандығын ұршықша үйірген аналар қаншама...

Бүгін біз жауапкершілігі ауыр да күрделі, көмекке мұқтаж шалғайдағы азаматтардың жанын арашалап қалуға барын салып жүрген ауыл дәрігерлері туралы қалам тартуды жөн көрдік.

Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданындағы медициналық мекемелерде қызмет атқаратын аналар - ақ халатты абзал жандармен танысып қайтқан едік.

38 жастағы жеті баланың анасы, сегізінші баласын асырап, бауырына басқан Айнара Әмірбекқызы Еңбекшіқазақ ауданындағы "Қазақстан" дәрігерлік амбулаториясында жалпы тәжірибелік дәрігер болып істейді. Алты жарым мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсететін орталықта Айнара 2011 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Басында педиатр ретінде балаларды емдейтін, кейін ересектерге де медициналық көмек көрсететін болды.

"Мен 2004 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетін, 2005 жылы интернатураны тәмамдадым. Бітірген жылы Алматы қаласындағы дәріханалардың біріне кеңесші болып жұмысқа орналастым, кейін менеджер деңгейіне көтерілдім. 2011 жылы осы "Қазақстан" кентіне отбасымызбен көшіп келіп, дәрігерлік амбулаторияға жұмысқа орналастым. Қазір екі учаскеде жұмыс істеймін, бұл учаскелерде 3332 тұрғын тіркелген. Менің учаскемде тұратын әр отбасын бес саусақтай білемін. Менде, жолдасым Ермұрат та осы жерде өсіп, мектепті бірге аяқтадық. Осыдан он бес жылдам астам уақыт бұрын отбасын құрып, бағымызды Алматы қаласында да сынап көрдік. Дегенмен, туған ауылға қайтып келіп, елімізге қызмет атқара бастадық. Ауыл тұрғындары да мені жақсы таниды, содан болар, келген кезден бастап тез тіл табысып, әр отбасына медициналық көмек көрсетерде ешқандай қиындық болмады. Бауыр басып кеткендігім соншама, кейде бір ауылдасым қатты ауырып қалса, 24 сағат бойы ойлаумен боламын, қалай көмек көрсетуді жақсартамын, қандай қосымша мамандарға көрсету керек, мүмкін консилиум ұйымдастыру керек пе деп, жанымды қоярға жер таппаймын. Өмірде түсінген бір қағидам - адал еңбек етсең, алдыңнан шығатындығы. Өмірде қаншама қиыншылық болса да, соған төзіп, еңбегіңнің жемісін жеуге болады», - деді Айнара Әмірбекқызы.
null

Маман білім алған жастардың барлығы қаладағы озық технологиялармен қамтылған заманауи емханаларда қызмет еткісі келетінін айтты.

Оның айтуынша, нағыз білікті тәжірибені шалғайда алуға болады.

«Қазір "дипломмен ауылға" деген бағдарламамен жастарды шақырамыз. Біздің ауданға жастардың келетіндігі қуантады. Нағыз дәрігер мекен таңдамайды, нағыз дәрігер өз қызметін атқарады. Мен қалада да жұмыс істедім, туған ауылымда қызмет атқарып жүрмін. Бір байқағаным, мұнда дәрігерлерді барынша көбірек құрметтейді, сыйлайды», - деді ол.

Шипагерлік қызметте де өзіндік қиын сәттері болады. Осыдан 5 жыл бұрын дәрігер келіншекті мас тұрғындардың бірі үш сағат бойы үйінде қамап отырған.

«Осыдан бес жыл бұрын үш сағат қамауда болғаным есімнен кетпейді. Күндегідей амбулаторияда науқастарды қабылдаған соң, шақыртуға барғанмын. Ойымда ештеме жоқ, үйге кіргеннен кейін науқасымның мас екенін түсіндім, мен кіргеннен есікті жауып алды. Шыға алмаймын, сонда үш сағат бойы психологиялық тұрғыдан түсіндіріп, қан қысымын өлшеп, емдеу шараларын тағайындап, әзер құтылғаным есімде»,- деді ол.

Айнара Термекбаеваның қызметінде ауыр пациенттер де кездескен.

20 жыл бойы бала көтермеген Гүлназия есімді келіншек 20 жылдан соң сал ауруына шалдыққан бала туған.

«Анасы шок алған болар, баласына қарамай қойды, күнде үйіне барып, ерекше сәбиіне қамқор керек екенін түсіндірдім. Басында мені жек көретін, тыңдамайтын. Екі айдай уақыт өткен соң, аналық мейірімі ояна бастады. Кейін сәбиін алтынға да айырбастамайтын сезімге бөленді. Қазір екеуміз құрбы сияқтымыз, сырымызбен бөлісіп, дос болып кеттік. Дәрігерлік маманның қызығы да осы болар" - дейді Айнара Термекбаева.
null

Айта кетерлігі, көп балалы ана Айнара Әмірбекқызы соңғы екі жүктілігінде егіз босанған екен. Балаларының үлкені 15 жаста болса, сегіз баланың соңғы егіздері Кәусар мен Іңкәр бір жас екі айлық болған кезде ол жұмысына қайта шыққан.

Анасы Күлайханның арқасында Айнара алты айдан артық балалармен үйде отырмапты.

33 жыл Еңбекшіқазақ ауданы орталық ауруханасының терапия бөлімшесінде медбике қызметін атқаратын Гүлзира Даменова 5 қыздың анасы. Қазір балалары ержетіп, ата-анасына қолғабыс болып отыр.

"Менің балапандарым қазір білім алып, мамандықтарын игерді. Үлкен қызым Әсем дизайнер, Әсия, Әлия және Айнагүл мұғалім мамандығын таңдады. Тек кіші қызым Жаңылсын менің ізімнен еріп, медициналық колледжге түсті. Болашақта дәрігер болуын қалаймын. Өзім 1985 жылы Талғардағы медицина колледжін бітірген соң, осы ауруханаға жұмысқа кірдім, жолдасым Әбдіғалыммен отбасын құрып, балалы-шағалы болып, оқуымды жалғастыра алмадым, кенжем сол арманымды орындап, дәрігер болса деймін. Балаларды тәрбиелеуде көп қиыншылық болмады, енем Әшет апа бір жылдан соң жұмысқа шығуыма рұқсат беріп, балаларды өзі қарады, көп қолдау көрсетті, ол кісіні өз анамдай құрметтеймін. Бүгін мен бақытты анамын, сүйікті жармын, жұмысымда әріптестерім сыйлайды. Осыдан артық орындалған арман мен бақыт болмас. Жаңадан келген жас мамандарға тәжірибеммен бөлісіп, тәлімгерліктен жалықпаймын. Мен де жас маман болдым, менің де ұстаздарым болды, мен де олардан мамандықтың қыр-сырын үйрендім. Өз кезегімде жастарға бар білгеніңді үйрету парыз деп ойлаймын" - дейді абзал ана Гүлзира Даменова.

2010 жылдан бері "Бәйтерек" кентіндегі Бастапқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығында акушер-гинеколог қызметін атқаратын Сәнімай Қабақбаева - 3 мыңнан астам баланың кіндік анасы.

1991 жылы Ташкент Медициналық университетін бітіріп, 2010 жылы отбасымен осы "Бәйтерек" кентіне көшіп келген.

Он жылға жуық уақыт арасында әйелдер кеңесінде оның бақылауымен 3 мыңдай бала дүниеге келген екен.

«Кейде мен көпбалалы анамын. 3 мың балам бар десем, бәрі таңдана қарайды. Ауылды жерде туғаныңдай болған әр ананың проблемасымен бірге жатып, бірге тұрасың, әрқайсысының жүктілік кезінде қалай жүргенін, қалай босанғанын, сәбиі адам болып өскенін бес саусақтай білесің. Жұмысым өте жауапты, тек қана ана емес, болашақ сәби өміріне деген жауапкершілік жүктелген», - деді ол.

Сәнімайдың учаскесінде 62 көпбалалы ана тұрады. Ол өзі де алты баланың анасы.

«Қазір Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы аналарға көп көңіл бөліп, қолдау көрсетіп жатқаны мені қатты қуантады. Мен де алты баланың анасымын. Екі қызым мектеп оқушысы, қалғандары ержетті. Жолдасым Бердіғали бухгалтер, табысымыз өзімізге жетеді. Ал жас аналарға берілетін қазіргі көмек өте қажет деп ойлаймын. Еліміздің демографиялық өсуіне - бұл үлкен қолдау. Мен болсам, 3 мың емес, 10 мың баланың анасымын деп, сау ұрпақты дүниеге әкелуге септігімді тигізсем деймін",- деді Сәнімай Қабақбаева.
null

Өз кезегінде Еңбекшіқазақ ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері ұжымда жұмыс істейтін аналарды, әйел қауымын 8 наурыз әйелдер күнімен құттықтады.

"Ұжымымызда осындай көпбалалы аналар қызмет атқарып жүргені қуантады. Ешкімге көмек қолын созбай, қатарынан қалмай жүрген аналар біздің мақтанышымыз. Аурухананың әкімшілігі тарапынан бізде әрқашан қолдау көрсетеміз, барынша марапаттап отырамыз. Мейірімді жандарды, ардақты аналарды алда келе жатқан Әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтағым келеді, еңбектері жемісті болсын деп тілеймін" - дейді Еңбекшіқазақ ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері Жәмила Әбеуова.

Соңғы жаңалықтар