АИТВ жұқтырған балалардың толыққанды өмір сүруіне қалай көмектесе аламыз: Сарапшылар пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 30 мыңға жуық адам АИТВ жұқтырған, олардың 425-і – бала. Адамның иммун тапшылығы вирусы бақылаудағы аурулар санатына кіреді. Емі жоқ созылмалы ауру. Сол себепті инфекцияны тасымалдаушылар өмір бойы арнайы терапиядан өтуі тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

АИТВ жұқтырған балалар мен жасөспірімдер облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталықтарында бақылауда болады. Мамандар оларға медициналық қана емес, психологиялық қолдаудың да қажет екенін айтады. Сондықтан сырқатқа шалдыққандарға қызмет көрсететін мамандар кешенді түрде оқытылады.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен биыл Қазақстанда ЖИТС орталықтарының мамандарына арнайы бірқатар тренинг өткізілді. Бұл тренингтерге АИТВ және басқа да созылмалы аурулары бар балалар мен жасөспірімдерге психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсету, оларға педиатриялық көмектен ересектерге арналған қызметке ауысу кезінде жәрдем беру, балалар мен олардың отбасыларына психологиялық-әлеуметтік демеу көрсету бойынша кейс-менеджмент құралдары кіреді. Мұндай тренингтер осы санаттағы балаларға қызмет көрсететін мамандар үшін маңызды. Өйткені созылмалы ауруы бар балалар бірқатар көмек түріне мұқтаж. Тек медициналық мәселелерді шешу арқылы баланың және отбасының толыққанды өмір сүруі қамтамасыз ете алмаймыз. Кешенді тәсіл қажет», - дейді медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты инфекционист дәрігер, Колумбия университеті жанындағы ICAP клиникалық маманы Гүлжахан Ахметова.

Гүлжахан Ахметованың айтуынша, кешенді көмекті педиатр, медбике, психолог және әлеумет қызметкері сынды түрлі мамандардан жасақталған көпсалалы топ көрсетуі керек. Олардың міндеті – диагнозына қарамастан балаға қоғамның толыққанды мүшесі болуына қол ұшын созу.

Қазақстан АИТВ және басқа да созылмалы аурулары бар балаларға қызмет көрсету бойынша ұлттық стандарттар жиынтығын жасауда бірегей тәжірибесі бар ел. Мамандар жас пациенттер өскен сайын медициналық көмектен бөлек, басқа да қажеттіліктері туындайтынын, яғни олардың өмір сүру сапасына психологиялық және әлеуметтік факторлар әсер ететінін байқаған. Осыдан кейін ЮНИСЕФ пен халықаралық сарапшылар АИТВ-мен ауыратын жасөспірімдер мен олардың отбасыларының өмірінің барлық сәтін қамтитын психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсетудің 10 стандартын жасады.

«Біз балалардың созылмалы аурумен, әсіресе АИТВ-мен ауырғанын қабылдауы қиын екенін көріп отырмыз. Жеке мәліметті құпия сақтау қажет екенін түсінесіз ғой. Біздің қоғам әлі де ерекшелігі бар жандарды өзгелермен тең дәрежеде қабылдай алмайды. Баланың өз-өзіне сенімі нығаюы үшін, қоғамның толыққанды белсенді мүшесі болуы үшін ауқымды жұмыс істеу шарт. Оның ішінде құрдастардың қолдауы, мектептердегі жұмыс, кемсітушілікке қарсы күрес, өзін өзі стигмалаудың алдын алу маңызды. Бұл стандарттар жасөспірімдер өмірінің барлық аспектісін қамтиды», - деді Гүлжахан Ахметова.

ЖИТС орталықтары мен медициналық ұйымдардың мамандары, мектеп және әлеуметтік қызметкерлер қатысатын тренингте қабылданған стандарттарды қолдану және дұрыс қызмет көрсетудің жолдары айтылады.

Оксана Ибрагимова қазақстандық АИТВ-мен өмір сүретіндер одағының өкілі. Оның оң АИТВ-статусы бар. Еңбек жолын ЖИТС-қызмет көрсету ұйымында бастаған Оксана науқастарға АИТВ-мен толыққанды өмір сүруді үйренуге көмектесті. Қазір ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен айналысып жүр. Түрлі мекемелердің мамандарымен, оның ішінде медицина мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін оқыту бойынша іс-шаралар ұйымдастырады. Мысалы, осындай кездесулердің бірі АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға және халықтың түрлі топтарына қатысты стигма мен кемсітушілік мәселелеріне арналды.

«Емханаларда оң АИТВ-статусы бар адамдарға медициналық қызмет көрсетуден себепсіз бас тарту жағдайлары кездесіп жатады. Сол себепті біз дискриминация және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында медициналық қауымдастықпен бірлесе жұмыс істейміз. Бұл өте маңызды. Оң АИТВ-статусты адамдардың көбі диагнозын бәрі біліп қояды деп алаңдайды. Сондықтан құпияны сақтау мәселесі өзекті. Біз тренингке дейін медицина қызметкерлері арасында сауалнама жүргіземіз. Мәселен «Сіз оң АИТВ-статусы бар адамды қонаққа шақырар ма едіңіз?» деген сұраққа тренингке дейін көпшілігі «Жоқ» деп жауап берсе, тренингтен кейін медицина қызметкерлерінің пікірі мен қарым-қатынасы түбегейлі өзгереді. Ақпарат пен түсіндіру жұмыстарының аздығынан адамдар АИТВ жұқтырған жандармен қарым-қатынас орнатудан қорқады, - дейді Оксана Ибрагимова.

АИТВ-мен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдердің кей кездері қоғамда түсініспеушілікке ұшырайтынын 17 жастағы Әлішер де (есімі өзгертілген – ред.) растайды. Ол өзінің АИТВ-статусын айтқаннан кейін жақын досымен қарым-қатынасы үзілгенін айтады.

«Біз көптен бері дос едік. Футболға бірге баратынбыз. Бірде мен өзімнің статусым мен басымдағы қиын жағдай туралы қатарластарымның бірімен бөліскім келді. Ұзақ жылдар бойы араласып жүрген адам жағдайымды түсініп, қолдау көрсетеді деп үміттенгенмін. Алайда ол сырт айналып кетті. Мүмкін қорыққан да шығар», - дейді Әлішер.

ЖИТС орталықтарының мамандарына арналған тренингтерде АИТВ-мен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдерге қатысты әртүрлі мәселелер қозғалады. Таяуда балалардың жасөспірімдерге арналған қызметтен ересектердің қызметіне ауыртпалықсыз ауысуы мәселесі талқыланды. Алматы қаласындағы ЖИТС орталығының педиатр дәрігері Ғайни Үсенова балаларды туғанынан бастап 18 жасқа жеткенге дейін бақылайды. Оның айтуынша, мамандар есепте тұрған баланың денсаулығына қатысты мәліметтерден бөлек: қайда тұрады, қандай отбасыда (толық я толық емес) тәрбиеленеді, қамқоршысы кім, кімдермен араласады, бос уақытында немен айналысады сынды т.б. өміріндегі барлық маңызды мәліметті білуі тиіс. Осы мәліметтер мен нақты қажеттіліктері негізінде баламен жұмыс жасау жоспары әзірленеді.

«Жеткіншектердің ересектерге арналған қызметке ауысуы кезінде олардың барынша тәуелсіз болып, ешнәрседен қымсынбастан, дәрігерге сұрағын еркін қоя білуіне назар аударамыз. Яғни, бұған дейін оларды ата-анасымен, қамқоршысымен бірге қатаң бақылауда ұстасақ, ересектер қызметіне ауысқанынан кейін, біз оларға денсаулығына өзі жауапты екенін, дәріні уақытылы ішіп отыруын өзі қадағалауы керек екенін айтамыз. Антиретровирустық терапияның не екенін, ем-шараларын ұстанбаса, салдарының қандай болатынын түсіндіреміз», - деп атап өтті Ғайни Үсенова.

ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталықтары АИТВ-инфекциясына қарсы профилактика шараларымен танысып, науқастарға білікті медициналық көмек көрсетумен айналысады. Мекеме мамандары ЮНИСЕФ қолдауымен ұйымдастырылатын тренингтерге үнемі қатысады. Семинар оларға өзге өңірлердегі әріптестерімен тәжірибе алмасып, республикалық және халықаралық сарапшылардан тың ақпарат алуға мүмкіндік береді. Айнұр Медетова Шымкент қаласындағы ЖИТС орталығында жұмыс істейді. Ол қазан айының соңында АИТВ жұқтырған балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қолдау бойынша тренингке қатысты.

«Тренингке еліміздегі ЖИТС орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Экокарта мен қажеттіліктер үшбұрышын құрастыруды үйрендік. АИТВ жұқтырған балаларға әлеуметтік қолдау көрсетудің жолдарын талқыладық. Маған берілген әдістемелердің көмегімен науқастың жағдайын жан-жақты қарап, оның мұқтаждықтарына сай қызмет етуге мүмкіндік алғаным маңызды болды», - дейді Шымкент қаласының ЖИТС орталығы профилактика бөлімінің меңгерушісі Айнұр Медетова.

Сарапшылар тренингтердің әртүрлі сала мамандарының назарын АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың мәселелеріне аударуға себеп болатынын айтады. Сонымен қатар диагнозды соңғы үкімдей қабылдап, күйзеліске ұшыраған балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

* Бұл материалда айтылған пікірлер авторлардың пікірі болып табылады және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ЮНИСЕФ -тің Қазақстандағы өкілдігінің ресми көзқарастарын көрсетпейді.


Соңғы жаңалықтар