АИТВ жұқтырған 200 әйел дені сау бала босанды – статистика

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада АИТВ жұқтырған 200 әйел дені сау балаларды дүниеге әкелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, жыл сайын 1 желтоқсанда әлемдік қауымдастық, оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтер АИТВ/ЖИТС қарсы күрес күнін өткізеді.

Осыған орай, елордалық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының директоры Сәбит Әбдірайымов АИТВ жұқтырғандарды ерте кезеңде анықтаудың маңыздылығын еске салды.

«Біздің басты қызметіміз – адамдарды тексеру. Адамның АИТВ жұқтырғанын немесе жұқтырмағанын ешкім білмейді. Сондықтан ауруды анықтаудың негізгі жолы – тексеру. 2021 жылы 10 айда астананың 300 мың тұрғыны тексерілсе, 2022 жылдың осы кезеңінде 323 052 адам қаралды. Яғни, біз тексеруді 23,4%-ға арттырдық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, бүкіл әлемде халық санының шамамен 10%-ы тексерілуі керек. Өздеріңіз білетіндей, қазір елордада 1 млн 300 мың адам тұрады, ал біз 323 мың адамнан сынама алдық. Яғни, біз екі есе көп тексеру жүргіземіз, сондықтан да ауруды көбірек анықтаймыз. Мәселен, биыл 305 жұқтыру жағдайы анықталды. Біз аурудан қорықпауымыз керек, керісінше ерте кезеңдерде емдеуге тырысу керек. Бізде «Тексер және емде» деген ұстаным бар. Ауру анықталған соң дереу ем-домды бастаймыз», - деді орталық директоры бүгінгі брифингте.

Спикер елімізде АИТВ жұқтырғандарға арналған дәрі-дәрмектер тегін берілетінін атап өтті. Сондай-ақ АИТВ жұқтырған жүкті әйелдер бойынша оң тенденция байқалуда.

«1997 жылдан бері 274 жүкті әйелде АИТВ инфекциясы болды. Жүкті әйелден АИТВ инфекциясын анықталған жағдайда біз дереу емдеуді бастаймыз. Осының арқасында олар дені сау балаларды дүниеге әкелді. Біз 184 сәбиді сау балалар ретінде есептен шығардық, 54 бала әлі де есепте тұр. Өйткені бізде алгоритм бар: әйел босанғанға дейін ем қабылдайды және босанған соң 18 ай бойы нәресте бақылауда болады. Яғни, ана сүтінің орнына бала сүт қоспасын ішеді. 274 әйелдің 24-і үш-төрт баладан туды. Біздің барлық ұсыныстарымызға сүйене отырып, сау бала туу мүмкіндігі бар», - дейді С. Әбдірайымов.


Соңғы жаңалықтар