АИТВ тасымалдаушылар қатаң медициналық бақылауда болуы керек – Үкімет басшысы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Адамның иммун тапшылығы вирусын тасымалдаушылардың барлығы қатаң медициналық бақылауда болуы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адамның иммун тапшылығы вирусы жаһандық денсаулық сақтау жүйесінің аса маңызды проблемаларының бірі болып қалуда. Өкінішке қарай, әлем елдерінде бұл вирустың таралуы азаймай отыр. Қауіпті індетті жұқтырғандардың қатары Қазақстанда да артып келеді. Яғни, соңғы 10 жылда 2 есеге жуық өскен. Өткен жылы инфекция жұқтырудың 4 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды. Қазір елімізде осы инфекциямен ауыратын 30 мыңнан астам адам тұрады. Олардың жартысынан көбі – еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Әзірге, әлем ғалымдары бұл вирусты жеңуге дәрменсіз. Ол – бүкіл адамзат баласына төнген аса қауіпті дертке айналып отыр», - деді Үкімет басшысы.

Сондықтан ол вирустың алдын-алу іс-шараларын қолдану, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды екендігін баса айтты.

«Науқастарды халықаралық стандарттарға сәйкес сапалы емдеумен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, вирусты тасымалдаушылардың барлығы қатаң медициналық бақылауда болуы керек», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар