АИТВ инфекциясынан сақтану әр адамның өз қолында

None
None
АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні АИТВ (ВИЧ) инфекциясының алдын алатын вакциналар ойлап табылмағандықтан, індетті жұқтырудан сақтану әр адамның өз қолынды.

Бұл туралы ЖИТС-тен көз жұмғандарды еске алудың халықаралық күніне орай «Шалқар» радиосында өткен тікелей сұхбат барысында Астана қалалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Еркінбек Момынбеков айтты, деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметінен.

Е.Момынбеков атап өткендей, бүгінде Қазақстанда АИТВ инфекциясына шалдыққандардың саны 20 мыңнан асып жығылды. Бұл індет елімізде алғаш рет 1990 жылы Қарағанды облысы Теміртау қаласында тіркелді, ал Астанаға 1997 жылы «келді». Осы уақыттан бері бас қалада бұл вирусқа шалдыққандардың саны үдемелі қарқынмен 627 (2013 жылдың 1 мамырына дейін ресми тіркелгендер саны) адамға жетті. Тек ағымдағы жылдың төрт айы ішінде АИТВ-ны жұқтырудың 45 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірнеше оқиғаға көп. Инфекция 20-39 жас аралығындағы азаматтар арасында белең алуда.

АИТВ үш жолмен ғана жұғады, атап айтқанда, жүкті әйелден балаға, жыныстық қатынас және теріге ине арқылы инъекцияларды жасау арқылы.

Тікелей эфир барысында Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Атырау облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан АИТВ/ЖИТС-ке (СПИД) қатысты әртүрлі сауалдар қойылды. Мәселен, Қарағанды қаласының Руслан есімді тұрғыны бұл індеттен сақтану жолдарын және ол медициналық тексерістің қандай әдістерімен анықталатындығын білгісі келді.

«Бүгінде АИТВ-дан қорғайтын вакцина ойлап табылмаған, індет негізінен бей-берекетсіз жыныстық қатынасқа түсу, оның барысында жеке қорғаныс заттарын пайдаланбау, ортақ ине арқылы есірткіні пайдалану жолдарымен жұғатындықтан, одан сақтану адамның өзінің қолында. АИТВ адамның қанында болатын инфекция, сондықтан оны қанның талдауын жасату арқылы ғана анықтауға болады. Республика өңірлерінде орналасқан ЖИТС орталықтарында, соның ішінде астаналық мекемеде АИТВ-ға тексерілу кез-келген азамат үшін тегін жүргізіледі. Талдауды нәтижесі 5 минуттың ішінде дайын болатын экспресс-тест арқылы немесе зертханалық негізде жасатуға болады», - дейді Е.Момынбеков.

АИТВ-ға қарсы ем бүгінгі күні ойлап табылмаған, тек антиретровирустық препараттарды пайдалану, салауатты өмір салтын ұстану, дәрігердің нұсқамаларын бұлжытпай орындау арқылы ғана оған шалдыққан адамның өмірін бірнеше жылға ұзартуға болады.

Атырау қаласының тұрғынын АИТВ-ның адам ағзасында болатын алғашқы белгілері қызықтырды. Инфекцияның алғашқы белгілеріне жүдеу, әлсіреу лимфа бездерінің ұлғаюын және т.б. жатқызуға болады, сондай-ақ ол басқада жұқпалы ауруларға ұқсас өрбитіндіктен оны бірден анықтау кейде мүмкін болмайды. Вирус адамның иммундық жүйесін бұзатындықтан, ол көптеген аурулардың пайда болуына, бойда бар сырқаттардың өршуіне алып келеді. Бұл аурулардың көзі АИТВ инфекциясы болып отырғандығын тек қанды тапсыру арқылы ғана анықтауға болады.

Е.Момынбеков қоғамның спидофобиядан, яғни АИТВ-ға тексерілуден, оның нәтижесін білу қорқынышынан арылудың маңыздылығын айтып өтті.

ЖИТС Орталығының маманы ОҚО Сарыағаш қаласының 27 жастағы азаматшасының сұрағына жауап бере келе, АИТВ-дәрежесі бар науқастарды қоғамнан оқшаулауға болмайтындығын, олармен бір ортада өмір сүруден қорқудың қажеті жоқтығын айтып өтті. Онымен қоса, бұл індетке қандай да бір себептермен тап болған кез-келген азаматтың құқығы ҚР заңнамаларымен қорғалған.

«АИТВ дәрежесі бар адамдар тұрғылықты жері бойынша ЖИТС орталығының базасында тіркелген. Олар өз індеттері туралы және инфекцияны өзге адамдарға қасақана жұқтырғаны үшін қарастырылған жауапкершіліктер туралы жақсы біледі. Оның үстіне, АИТВ құшақтасудан, қол алысудан, сүйісуден, бірге бассейінге түсуден, тамақтанудан жұқпайды», - деп атап өтті ол.

Соңғы жаңалықтар