Air Astana-ға екі жылда 6,7 млрд теңге айыппұл салынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Бас прокуратурамен бірлесіп Air Astana компаниясына қатысты тексеру жүргізді. Бұл туралы Сенатта еліміздегі әуе көлігі мәселелеріне қатысты жиын барысында мәлім болды, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тексеру қорытындысы бойынша Бас прокуратура ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тиісті ұсынысты жолдады.

«Біріншіден, әуе тасымалы саласында динамикалық баға белгілеуді қолдану бағытын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуді қамтамасыз ету ескерілген. Сонымен қатар, монополияға қарсы заңнама талаптарын бұзу дерегі бойынша Air Astana әуе компаниясына қатысты әкімшілік хаттама толтыру қарастырылды. 2022 жылдың 12 желтоқсанында Air Astana компаниясына қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 2021 жылы айыппұл сомасы 4,8 млрд теңгені, 2022 жылға 1,9 млрд теңгені құрады. Қазіргі кезде осы бойынша сот процесі жүріп жатыр», - деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Көлік және байланыс департаментінің директоры Нүргүл Жаманова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 10-ға жуық халықаралық бағыт бойынша рейстер ашылмақ.

Қазіргі кезде әуе көлігі саласында 6 қазақстандық тасымалдаушы 56 ішкі бағдар бойынша аптасына 706 рейсті орындап келеді.


Соңғы жаңалықтар