Air Astana Алматы – Нұр-Сұлтан рейсі неліктен 7 сағатқа кешіккенін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кеше, 8 тамыз күні Алматы - Нұр-Сұлтан бағыты бойынша жасалатын КС 855 рейсі 7 сағат 15 минутқа кешікті. Ал кестеге сай ұшақ 19:45-те көкке көтерілуі тиіс болатын. Осыған байланысты Air Astana әуекомпаниясы рейстің кешігу себептерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы КС 855 рейсі кесте бойынша 8 тамызда сағат 19:45-те ұшуы тиіс болатын. Бірақ мұның алдындағы сапар кезінде ұшаққа найзағай түсіп, әуе кемесі ауыстырылды. Яғни, оның орнына резервтік Алматы - Нұр-Сұлтан - Алматы бағытында ұшатын КС 7058 рейсі қойылды. Бұл орайда кешігу 3 сағат 45 минут болуы тиіс еді. Алайда, Алматыдағы шаңды дауыл, Нұр-Сұлтан әуежайының жабылуы және әуе кемесіндегі техникалық ақауға байланысты кешігу уақыты одан сайын ұзарды. Жалпы алғанда, КС 855 рейсінің кешігуі 7 сағат 15 минутты құрады. Жолаушыларға сусындар мен тамақ берілді. Кей жолаушылар басқа рейстерге ауыстырылды. Бизнес-класс жолаушыларының билетін өтеу мақсатында оларға 100 доллар көлеміндегі ваучер (түбіртек) беріледі. Біз қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», - деп жазды әуекомпания өзінің Telegram арнасында.

Қоса кетейік, осыған дейін кешіккен әуе рейстеріне салынатын айыппұл көлемі артуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар