Аида Балаева үш қаланың қоғамдық кеңес төрағаларымен онлайн кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылғы 30 шілде күні ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының қоғамдық кеңестерінің төрағаларымен онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында қоғамдық кеңестерге қатысты әлеуметтік нормалар мен ережелерді бір жүйеге келтірудің өзекті мәселелері қозғалды.

«Қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдардың ашықтығы мен ұдайы есеп беріп тұруын қамтамасыз ете отырып, институционалдық реформаны қозғаушы күшке айнала алмай отырғаны жасырын емес. Өкінішке қарай, көптеген жағдайларда қоғамдық кеңестердің ұсынымдары мемлекеттік органдар тарапынан қараусыз қалады. Бұл тұрғыда мемлекеттік шараларды қоғамдық бақылау әрқашан да пәрменді тетік болып қала бермек. Коронавирус індеті бұл жұмыстың қаншалықты маңызды екенін көрсетті», - деді Аида Балаева.

Сондай-ақ, кездесуде қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру және олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Министрлік жақын арада қоғамдық кеңестердің іске асырылып жатқан барлық жобаларымен танысып қана қоймай, оларға одан әрі қоғамдық бақылау бастамасымен талдау жасауды көздейтін мемлекеттік бағдарламалардың бірыңғай порталын іске қосуды жоспарлап отыр.

Кездесуде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жағдай жасауға бақылау жүргізу жөніндегі мәселелер де назардан тыс қалмады. Бұл бағытта бүгінгі таңда Министрлік жанынан арнайы комиссия құрылған. Қоғамдық кеңестерге проблемалар мен мәселелер көтерумен ғана шектелмей, тәжірибе алмасуда да белсенді болу ұсынылды.

«Қоғамдық кеңестердің әлеуеті өте жоғары. Тек оны барынша пайдалану керек және институционалдық еркіндікті көбірек көрсету керек. Адамдар бізден осыны күтіп отыр», - деп атап өтті министр.

Алматы қаласының, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының қоғамдық кеңес төрағалары жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, коронавирус інетінің тарауы кезеңінде қоғамдық кеңестердің қоғам өміріне белсенді қатысуын жандандыру бойынша бірқатар ұсыныс енгізді.

Осылайша, Атырау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Өтешов қоғамдық кеңестерге әдістемелік қолдау көрсететін Республикалық әдістемелік орталық құруды ұсынды. Бұдан басқа, ол қоғамдық кеңес туралы заң жобасына өнеркәсіптік өңірлердегі шетелдік компаниялармен өзара іс-қимылға қатысты түзетулер енгізуді ұсынды.

Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Р.Алшанов алдағы сайлауда мәслихат депутаттығына сайлау үшін қоғамдық кеңестердің лайықты мүшелерін ұсыну туралы пікірін айтты.

Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Е.Аймағамбетов өңірлердің экологиялық әл-ауқатын жақсарту бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі туралы айтты.

Солтүстік Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Қ.Едіресов өз сөзінде ауыл жастарын қолдау, оларды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту бойынша шаралар қабылдау қажеттігі туралы мәлімдеді.

Бұдан басқа, қоғамдық кеңестер Мемлекет басшысының карантинді екі аптаға ұзарту туралы шешімін бірауыздан қолдады, бұл ретте мұндай шаралар халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына оң ықпал ететінін атап өтті.

Жалпы, кездесу аясында қоғамдық кеңестер қызметін жетілдіруге және олардың рөлін арттыруға ықпал ететін бірқатар перспективалық тетіктер ұсынылды. Олардың ішінде қоғамдық кеңестердің үйлестіру орталығын құру, орталық деңгейде ұсынымдар мен шешімдерді одан әрі әзірлеу үшін өзекті проблемалардың бірыңғай базасын құру, қоғамдық кеңес өкілдерінің, оның ішінде сараптамалық орталықтардың әлеуетін арттыру, өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелерінің бастамаларын қолдау бойынша шағын гранттар бағдарламасын іске асыру сияқты мәселелер бар.

Кеңестердің министрлікпен одан әрі өзара іс - қимылын жақсарту мақсатында азаматтық қоғам істері Комитетімен 10 күнде бір рет, министр А.Балаевамен - айына бір рет, Үкімет деңгейінде - әрбір жарты жылдықта қоғамдық кеңестермен тұрақты кездесулер ұйымдастыру ұсынылды.

Сондай-ақ, министрлік мұндай кездесулерді жарты жылда бір рет Үкімет деңгейінде өткізіп отыру туралы ұсыныс енгізетін болады.

А.Балаева Үкімет жанынан Қоғамдық кеңес үйлестіру орталығын құру, өзекті мәселелердің бірыңғай базасын ашу, сарапшылар базасын қалыптастыру арқылы қоғамдық кеңестердің сараптамалық әлеуетін күшейту қажеттігін атап өтті.

А.Балаева, кездесуді қорытындылай келе, министрліктің қай кезде де ынтымақтастыққа ашық екенін және барлық мәселелер бойынша өзара диалогқа дайын екенін атап өтті. Бұл тұрғыда қоғамдық кеңестер «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың негізгі құралы ретінде қарастырылады.


Соңғы жаңалықтар