Аида Балаева: Ұлттық жобалар – рухани дамуға бағытталған ұлттық мәселелер
2021 жылғы 3 қараша 16:03

Аида Балаева: Ұлттық жобалар – рухани дамуға бағытталған ұлттық мәселелер

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Вице-премьер Ералы Тоғжанов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар жөніндегі жоғары кеңесте бекіткен Ұлттық жобаларды іске асыру тетіктері бойынша Алматы қаласының шығармашылық зиялы қауымы өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде «Ұлттық рухани жаңғыру» бағыты бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық жобалардың барлығы да тұтас қоғамның рухани дамуына бағытталған ұлттық мәселелер. Бұл жобалар негізінен халықтың жас ерекшеліктеріне қарай топтастырып, нақты аудиторияға арналып отыр. Мәселен, бала-бақшалар мен бастауыш мектеп балаларына – «Ұлттық тәрбие» жобасы, орта мектеп оқушыларына арналған – «Ақылды ұрпақ» , жоғары сынып оқушылары мен студент жастарды қамтитын – «Кемел болашақ» жобалары нақты жастар аудиториясына бағытталады», деді министр Аида Балаева. Бұдан бөлек, ведомство басшысы «Ұлттық Рухани жаңғыру» Ұлттық жобасының Үшінші негізгі бағыттарының бірі - «Тәуелсіздік Ұрпақтары» бағытына да тоқталып өтті . Оның айтуынша,жоба 2025 жылға дейін жастардың негізгі базалық сұраныстары: тұрғын үй мәселесі, жұмыспен қамту, сапалы білім беру, белсенді жастарды қоғамдық істерге тарту, жастардың стартап-жобаларын қолдау бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарын бөлу, экологиялық сауаттылықты арттыру секілді мәселелерді шешуді қарастырады.

«Жалпы, «Тәуелсіздік Ұрпақтары» бағыты бойынша:

- 2025 жылға дейін волонтер жастардың санын 2 миллионға дейін арттыру;

- «Жасыл Ел» жобасы аясында 30 мыңнан астам қала және ауыл жастарын жұмыспен қамту;

- жұмыссыз жүрген және оқу оқымайтын NEET санатындағы жастар үлесін 5%-ға дейін төмендету;

- жастар ұйымдарына арналатын жобаларды қаржыландыру көлемін 1,5 есеге арттыру; сонымен қатар,

- 2025 жылы – 1,2 миллион жастарды жаппай бұқаралық спортпен айналысуын қамтамасыз ету нақты көзделген.

Бұл аталған жобалардың барлығы Республиканың әр өңірінде бар Жастар ресурстық Орталықтары арқылы жүзеге асатын болады.

Министрдің мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда отандық арналарда тарихи-танымдық бағыттағы 30-дан астам арнайы бағдарлама бар. Сонымен қатар, тарихи сериалдар түсіру жобасы қолға алынған. Ал, мемлекеттік телеарналардағы бағдарламалар мен сериалдық өнімдердің 30%-ы тарихи тақырыпта. Мәселен, тарихи-танымдық бағыттағы «Жұмабек Тәшенов», «Домалақ Ана», «Сарай сыры», «Жамбыл Жабаев» сынды тарихи тұлғаларға арналған 13 телесериал көрермен назарына ұсынылған.

Аталмыш жобаларды назарға ала келе, кездесу соңында, ел руханиятының белсенділері, зиялы қауым өкілдері бұл ауқымды Жобалар бүтін бір Елдің алдында тұрған ортақ міндет екенін атап өтіп, Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұлттық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін бірлесіп жұмыс жасауға дайындығын білдірді.


Jańalyqtar

MURAǴAT