Аида Балаева: Шығысқазақстандықтар әрдайым ізгі бастама көтеріп жүреді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендегі «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысушылар ІТ-сыныптарды, роботтехника мен облыстық өлкетану музейін аралап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының меймандар делегациясын облыс әкімі Даниал Ахметов Өскеменнің №46 мектебіндегі жаңа технологиялық сыныптармен, жаратылыстану ғылымы мен роботтехника кабинеттерімен сонымен қатар ІТ-сыныптармен таныстырды. Заманға сай жаңа кабинеттер 1 қыркүйекте ашылған болатын.

Осыған дейін хабарланғанындай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде бірегей «Менің мектебім» жобасы жүзеге асырылып, соның аясында 277 мектеп Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарттары бойынша жаңа кабинеттермен қамтылған болатын. ІТ-сыныптарда 3-11 сынып аралығындағы оқушыларға бағдарлама тілін, роботтехниканы, 3D-модельдеу мен мехатрониканы меңгеруге мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама дайындалған. Аталмыш мектепте экскурсияны облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова жүргізді.

Әсем Нүсіпованың айтуынша, 2017-2021 жылдары білім саласына облыста 15 млрд теңге жұмсау көзделген. Республикалық реестрге енетін жобалардың қатарына «Бiлiктi маман», «Рухани бiлiм беру» және үштілділік білім беруді енгізу жобалары кіреді.

ҚР Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева аталмыш бастамалардың елімізде ешқандай баламасы жоқтығын, көпқызметті интерактивті тақталары, заманауи құрылғылар мен лабороторияға арналған жиһаздары, адамның физиологиялық процестегі ағза қалпын көруге болатын арнайы жаттықтыру залдары бар балалар мен мұғалімдерге үлкен қызығушылықпен қарауға болатынын атап өтті.

Айта кетерлігі, меткепке бармас бұрын делегация олыстық өлкетану музейін аралап шықты. Ол жерде меймандарға соңғы қазба жұмыстарында табылған археологиялық мұралар көрсетілді. Әсіресе, меймандарға Тарбағатай ауданының Елеке сазынан табылған «Алтын адам» көрсетілді. Ол мұраны Зейнолла Самашев бастаған археологиялық топ тауып алған еді. Соңғы қазба мұраларынан табылған бірнеше көрме «Дала әміршілерінің алтыны» көрмесіне біріктірілген.

Облыстық өлкетану музейінің қорында 180 мыңға тарта экспозициялық материал бар. Бірақ, музей директоры Сваетлана Нұрғазиеваның айтуынша, олардың бәрін сыйғызуға музей ғимаратының тарлық етіп отырған жайы бар.

Өз кезегінде Аида Балаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған ауқымды жұмыстардың бәріне жоғары баға берді.

«Шығыс Қазақстандағы жүйелі жұмыстың ауқымы тамсандырмай қоймайды», - дейді Аида Балаева.

Соңғы жаңалықтар