Аида Балаева пандемиядан кейін әлемдегі ақпараттық технологиялардың рөлі туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева XVII Еуразия медиа форумында пандемияның қоғамға қалай ықпал еткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі форумның басты тақырыбы – әлемнің пандемиядан кейін қалай өзгергені. Алдымен коронавирустың адамдарға жаңа қауіп еместігінен бастайық. Тарихта бірнеше рет таралған қара оба, шешек, күйдіргі сынды мысалдар бар. Бірақ алғаш рет біздің заманда вирустың таралуы жан-жақты, планеталық сипатта болды және бұл әлемді өзгертіп, экономиканың барлық салаларына ықпал етті және басқару саласына әсерін тигізді. Ең бастысы, пандемия бізге, әр адамға жеке әсер етті. Маска, қорғаныс құралдары сирек болса, бүгінде олар үйреншікті жағдайға айналды. Бірақ бұл - тек сыртқы жағы, қоғам өмірінің барлық салаларындағы терең ішкі өзгерістер әлдеқайда маңызды», - деді министр форумның «Пандемия әлемді қалай өзгертті және жаһандық өмір сүрудің жаңа бағыттарын қалай анықтады?» сессиясында.

А. Балаеваның айтуынша, пандемияда адамдар өндірістерден басқа қызметті жұмыс орнына байланыстырмай-ақ жүргізуге болатынын үйренді.

Ақпараттық технологиялардың арқасында басқаруға көп зиян келтірместен карантиндік шараларды орындай алды және локдаун жариялады.

«Осыған қарамастан коронавирус құрбандарының саны 4 миллионнан асты. Салыстырып қарар болсақ, ХХІ ғасырдың басынан бастап алғашқы 14 жылда статистика жүргізілген қақтығыстарда 780 мың адам қайтыс болды. Сондай-ақ, пандемия елдер мен құрлықтар арасындағы көлік қатынасын күрт төмендетті. Алайда, ақпараттық технологиялар көмегімен біз сыртпен байланысты жоғалтпадық, оларды виртуалды кеңістікке толығымен ауыстырдық. Әлем жаңа жағдайға бірден жауап қатты. 2019 жылдың желтоқсан айында барлығына танымал ZOOM сервисін пайдаланушылар саны 10 млн болса, 2020 жылдың наурыз айында олар 200 млн-ға дейін өскен», - деп атап өтті Аида Балаева.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтанда XVII Еуразиялық медиа форумның жұмысы ресми түрде ашылды. Форум 17 қыркүйекке дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар