Аида Балаева: Денсаулық - ертеңгі өмірлік жетістіктеріңіздің кепілі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева коронавирус індетімен күресте журналистердің еңбегі орасан екенін айтты, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынымен де қазір өте қиын кезең. Сондықтан бұл ретте біреуге баға беру де өте қиын. Десе де 2-3 күн бұрын БАҚ қызметкерлері күнін атап өткен кезде жалпы бәріміз журналистердің осы салада атқарған рөлін атап өттік. Расында қазір дәрігерлермен, полиция қызметкерлерімен қатар шынайы әрі қолжетімді ақпараттардың барлығы тек БАҚ арқасында халыққа жеткізіліп отыр. Бөліп жармаймын, жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын – халық БАҚ арқылы шынайы ақпаратты білуде. Журналистердің еңбегі орасан зор», - деді Аида Балаева ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министр кейбір журналистер жұмыс барысында коронавирус ауруын жұқтырып алғанын да өкінішпен атап өтті.

«Өз басым әріптестеріме тезірек сауығып, ұжымдарына қайта оралуына тілектеспін. Жалпы бұл тұрғыда айта кетерлігі, ауру айтып келмейді. Індет те елге тосыннан келіп отыр. Салдарын дүние жүзі көруде. Бір ақиқатты түсінуіміз керек: мұндай ауқымды індетпен жаппай күресуге бірде-бір мемлекеттің қауқары жетпейтін секілді. Сындар да айтылуда. Десе де Мемлекет басшысы бұл мәселені жіті назарында ұстап отыр. Нақты шаралар қабылдануда. Індет болсын, басқа ауру болсын – әр адам өз денсаулығына жауапты. Сондықтан бұл ретте індеттің тарамауына әр адам өз үлесін қоса аламыз. Ол үшін дәрігерлер айтып отырған бес қағиданы сақтасақ – өз денсаулығымыздың жақсы болуына жауапкершілікті әр адам сезсе, менің ойымша, бұл індеттен де шығамыз. Әр адамның денсаулығы – ол адамның бәсекеге қабілеттілігі. Сондықтан өз болашағымызға жауапкершілігіміз зор болсын десек, қазіргі таңда дәрігерлердің айтып жатқан кеңесіне көңіл қойып, соны сақтайық. Денсаулық - ертеңгі өмірлік жетістіктеріңіздің кепілі», - деді Аида Балаева.


Соңғы жаңалықтар