Аида Балаева: Біздің мақсат – отбасылық құндылықтың заманға сай үлгісін жасау

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Жолдауында аталған «Жауапты мемлекет, жауапты қоғам, жауапты адам» ұстанымының түбінде қоғамдық тәрбие ұғымы жатыр. Бүгін елордада Отбасы күні аясында өткен дөңгелек үстел отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз үш бағыт бойынша жұмыс топтарын құрдық. Жұмыс топтары отбасы институтын нығайту, балаларды қолдау мен гендерлік теңдікті ілгерілету бағытында нақты ұстанымдарды әзірлейтін болады. Министрліктің жанында отбасы институтын зерттеу орталығы жұмыс істейді. Орталықтың басты мақсаты – отбасы және көпбалалы отбасыларды қолдау, демократиялық саясат мәселелері бойынша нақты зерттеулерді жүргізу. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да бірқатар шаруа жүзеге асырылып отыр. Солардың ішінде әсіресе, дәстүр мен ғұрып, ұлттық тәрбие бағытындағы жобаларды ерекше атап айтқым келеді», - деді Аида Балаева «Отбасы күні» аясында ұлттық тәрбие беру мен отбасы құндылықтарын дамыту мәселелері талқыланған шарада.

Министрдің айтуынша, бұлардың барлығы отбасылық тәрбие, жалпыхалықтық рухани құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, ұлтаралық қарым-қатынас пен толеранттықты нығайтуға бағытталған.

«Президент Қазақстан халқына Жолдауында «Жауапты мемлекет, жауапты қоғам, жауапты адам» жүйесін орнату туралы айтты. Бұл міндеттің түбінде қоғамдық тәрбие ұғымы жатыр. Ал тәрбиенің бастау бұлағы, қайнар көзі – отбасында. Сондықтан отбасылық құндылықтың жаңа заманға сай үлгісін жасау – біздің бүгінгі басты мақсатымыз. Бұл орайда қоғамдық талқылаудың, халық пікірінің маңызы қашан да зор», - деген министр «дөңгелек үстелге« қатысушылардан нақты ұсыныстарды күтетінін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар