Аида Балаева бір аптада 100-ден астам азаматты қабылдаған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аида Балаева ҚР Президентінің көмекшісі лауазымындағы жұмысының алғашқы әсерлерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Міне, жаңа лауазымдағы жұмысымның үш аптасы өтті. Осы уақыт ішінде бөлімнің жұмысын ұйымдастыру бойынша ең маңызды қадамдар жасалды. Бір апта ішінде 100-ден астам азаматты жеке қабылдадым. Мұның үлкен эмоциялық жүгі бар», - деп жазды Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.

Оның айтуынша, халықты толғандыратын негізгі мәселелер – тұрғын үй, банк несиелері, сот шешімдері мен құқық қорғау органдарының әрекеттері.

«Көптеген адамдар құқықтық сауаттылықтың төмен болуына байланысты қиын жағдайға тап болып, жоғары тұрған мемлекеттік органдарға үміт артады. Бұл жерде көтерілген мәселелердің бәрін қысқа мерзімде шешуге болмайтынын түсіну маңызды. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде тұрғын үй кезегінде 48 мыңға жуық адам тұрады. Көбі ұзақ жылдар бойы кезекте тұр. Сондықтан, адам Президент Әкімшілігіне жүгінгендіктен ғана тұрғын үй беру мүмкін емес», - деп атап өтті Мемлекет басшысының көмекшісі.

Ол өз жазбасында баспана мәселесі тұрғын үй кезегі негізінде шешілу керек деген пікірін айтты.

«Тұрғындарға Президент Әкімшілігінің сот шешіміне әсер етуге құқығы жоқ екенін түсіндіру маңызды. Сот шағымдарын тек Жоғарғы сот немесе Бас прокуратура ғана қарай алады. Біздің міндетіміз-сапалы құқықтық көмек көрсету, проблемаларды шешудің қолайлы жолдары мен алгоритмдерін табу. Осы аптада мен Алматыдан келген проблемалық ипотекалық топпен кездестім. Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Ұлттық банктің және жоғары білікті заңгерлердің қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Осылайша әрі қарай жұмыс істейміз»- деп жазған А. Балаева жақын арада азаматтарды жеке қабылдау үшін өңірлерді аралайтынын мәлімдеді.

«Осыған байланысты, біздің азаматтық қоғамымызға және үкіметтік емес ұйымдарға халықтың құқықтық сауаттылығын, медиация институттарын дамытуға белсенді түрде жәрдемдесуге шақырамын. Бірлескен күш - жігерімізбен ғана азаматтар үшін де, жергілікті атқарушы органдар үшін де айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдімін. Біз бірлесіп жүйелі проблемаларды анықтауға және оларды шешудің оңтайлы жолдарын табуға көмектесуіміз керек» - деп түйіндеді Аида Балаева.

Еске салсақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен Аида Балаева ҚР Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған болатын.

Соңғы жаңалықтар