Аида Балаева: Әлеуметтік өткір тақырыптарды таратуда қоғам алдындағы жауапкершілікті ұмытпаған жөн

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева БАҚ-та өткір әлеуметтік тақырыптарды таратуға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір елордада «Astana Media Week – 2021» жыл сайынғы медиа апталығы өтіп жатыр. Ауқымды медиа шараның аясында «Өткір әлеуметтік тақырыптарды түсіндіру ерекшеліктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

«Өткір әлеуметтік тақырыптарды таратуда халықаралық тәжірибеге сүйенсек, оларда арнайы құжат бар. Дегенмен өткір әлеуметтік тақырыптарды таратуды реттейтін құжат барлық БАҚ-та бірдей емес. Мысалы, BBC- дің стандарты бойынша ақпарат таратушы оның растығына, объективтілігіне, жеке пікірін қоспай, эмициясыз жеткізуде халық алдында жауапты. The New Work Times-тің принциптері бойынша тілші жұмыс барысында өзінің саяси ұстанымы мен пікірін білдіруге немесе біреудің жеке басына нұқсан келтіруге рұқсат жоқ. Сол сияқты аталған басылымның тілшілеріне бейресми деректерді қолдануға қатаң тыйым салынған. Осы мәселе бойынша өз елімізге келсек, өткен жылғы жүргізілген мониторинг нәтижесінде отандық БАҚ беттерінде 500-ден астам материал анықталды. Ол материалдарда өткір әлеуметтік тақырыптарды таратуда құқықбұзушылық орын алған», - деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, елімізде БАҚ туралы заңды бұзған 6 шетелдік сайттың жұмысы тоқтатылды.

«БАҚ-та әлеуметтік тақырыпты тарату, ел қоғамында маңызды рөл атқарады. Жоғарыда аталған заң бұзушылықтар туралы олардың басшылығына ресми хат жіберіліп, қателікті жою керектігі ескертілді. Тағы бір айтып өтетін жайт, заң тек БАҚ өкілдеріне арналмаған, жалпы халыққа арналған. Сондықтан әлеуметтік өткір тақырыптарды таратуда заңнан бөлек, әдеп, қоғам алдындағы жауапкершілікті ұмытпаған жөн», - дейді ол.

Айта кетсек, AMW-2021 барысында халықаралық медиақауымдастық мүшелері ақпараттық күн тәртібінің өзекті мәселелерін көтереді. Іс-шараға беделді әлемдік БАҚ-тың топ-менеджерлері, мемлекеттік аппарат өкілдері, танымал журналисттер, документалистер және АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан блогерлері қатысады.

Сондай-ақ, аталған шара аясында елімізге белгілі Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» байқауының жеңімпаздары марапатталды.



Соңғы жаңалықтар