АИ-82 маркалы бензиннің қымбаттауы қандай тауарлардың бағасына әсер етеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интегарция министрі Серік Жұманғарин Үкімет кулуарында АИ-82 маркалы бензиннің қымбаттауы қандай тауарлардың бағасына әсер ететінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жазда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тапшылығы болмай ма?» - деп сұрады журналист.

Министр оған негіз жоқ екенін алға тартты.

«Тапшылық болмайды деп есептеймін. Қазір біздің сақтандыру қорларындағы тауарлардың көлемі жеткілікті. Ішінде картоп та, сәбіз де, қырыққабат та бар. Сол себептен, ешқандай проблема жоқ деп есептеймін. Соңғы бес аптада бағаның өсуі 0,3 пайыз болды. 4 сәуірге дейінгі мәлімет бойынша кейінгі аптада бағаның өсуі – 0 пайыз. Өткен аптада айтқанымдай, бензин бағасының азық-түлікке әсері соншалықты көп емес – 2 пайыздан 5 пайызға дейін. Ал басқа, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың, қызметтердің бағасына әсер есептеуі керек. Мультипликативті әсер болады, әрине. Себебі, басқа тауарларға, басқа қызметтерге оның әсер етуі өте ерекше», - деді министр.

Ведомство басшысы диқандарға дизель бекітілген бағамен сатылып жатқандықтан, астық жинау науқаны қалыпты өтеді деген пайым айтты.

«Дизель отынын арзан бағамен, 1 литрін 204 теңгеден бердік. Ол баға өзгермейді. Сол себептен, бұл астық жинау науқанына ешқандай әсер етпейді. Біздің өз жоспарымыз бар. Оны орындап жатырмыз. Сақтандыру қорларында тауарлар жеткілікті, өндірушілерге субсидия беріп жатырмыз. Сол себептен, «ертең тапшылық болады, бағаның жоғары өсімі болады» деп әңгіме қозғау, менің ойымша, қазір қажет емес», - деді вице-премьер.


Соңғы жаңалықтар