Ахуал тұрақталып келеді – Ақтөбе облысының әкімі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жергілікті арна арқылы өңірдегі жағдайды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимін жариялағаннан кейін біз қажетті шара қабылдауға тиіс болдық. Осыған байланысты арнайы операция да жүргізілді. Себебі жиналғандар әкімдік ғимаратын талқандай бастады. Қазір жағдай тұрақталып келе жатыр. Шаралар 19 қаңтарға дейін жалғасын табады. Жұмысты күні-түні тоқтатпай жүргіземіз. Әкімдік ғимаратына шығын көлемін есептеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Бірінші ғана емес, алтыншы қабатқа да залал келтірілді. Оргтехниканың біразын ұрлап кеткен. Ұрламағанын сындырған, бүлдірген. Арасында есік-терезе, жиһаздар да бар», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Облыс басшысы араңдатушылыққа ермей, тәртіпсіздіктерге қатыспаған облыс тұрғындарына алғыс білдірді.

«Өзіміздің жерлестеріміздің үлкен мәдениеттілігінің арқасында әкімдік ғимаратынан өзге, дүкен, сауда, демалыс орындары бүлінген жоқ. Соның арқасында олардың жұмыс істеуіне толық мүмкіндік бар. Азаматтарымыздың басым көпшілігіне рахмет айту керек. Ашуға емес, ақылға салып, біреудің айтқанына көнбей, айтақтағанына жүрмей, мәдениетін көрсетті», - деді Оңдасын Оразалин.


Соңғы жаңалықтар