Ахметов ісіне қатысты үш адам босатылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында еліміздің экс-премьер-министрі Серік Ахметовтің қылмыстық ісіне қатысты үш адамның жазасын жұмсартты және олар ақшалай айыппұл төлеп, бостандыққа шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Абай аудандық соты сотталушылар Айдар Телгарин (Қарағанды әкімінің экс-орынбасары), Анатолий Ессе мен Оразалы Айменбетовті («Металлургия-металлообработка» индустриалдық паркі директорының бұрынғы орынбасарлары) жазаларының өтелмеген бөлігін жұмсарту туралы өтінішін қанағаттандырды», - деп айтты Абай аудандық сотының БАҚ-пен жұмыс бойынша үйлестірушісі Гүлнар Марзалинова.

Абай аудандық сотының 2016 жылғы 2 желтоқсандағы үкімімен жазалану мерзімдері ақшалай айыппұлмен алмастырылды: А. Телгаринге - 161 АЕК көлемінде (2016 жылы 1 АЕК = 2121 теңге), А. Ессе - 256 АЕК, О. Айменбетов - 87 АЕК.

Осылайша, айыппұлдар 185 мың теңгеден 543 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Ессенің жазасын өтеу мерзімінің өтелмеген бөлігі 2 жыл 10 ай 12 күн, Телгарин - 1 жыл 9 ай 27 күн, Айменбетов - 1 жыл 80 күн.

«Үкім заңдық күшіне еніп, сотталушылар бостандыққа шықты», - деп қосты Г. Марзалинова.

Оның айтуынша, бұндай әрекетке рақымшылық заңының қатысы жоқ. «Үш сотталушы рақымшылық туралы заңға сәйкес келді. Алайда олар өз еркілерімен бұл шарадан бас тартып, жазасын өтеу мерзімінің қалған бөлігін айыппұлға алмастыру туралы өтініш жасады», - деп түсіндірді БАҚ-пен жұмыс үйлестірушісі.

Еске сала кетейік, бұрын сыбайлас жемқорлық үшін сотталған Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағанды жер қатынастары бөлімінің бұрынғы жетекшісі Ернар Дәрібеков шартты мерзімінен бұрын босатуға қол жеткізді. Сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағылған экс-премьер-министр С. Ахметов, бұрыңғы шенеуніктер мен кәсіпкерлерге қатысты топтық қылмыстық істі Қарағанды облыстық қылмыстық іс бойынша мамандандырылған ауданаралық соты қарады. 21 адамға айып тағылды. Үкімді жариялау 2015 жылдың 11 желтоқсан күні өтті. Ахметовтің мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан 5 жылға айырыла отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қарағанды облыстық сотының аппеляциялық сот алқасының 2016 жылдың 14 наурызында шығарған қаулысымен бірінші инстанциядағы соттың шешімі өзгертіліп, көптеген адамдардың жазасы жеңілдеді. Соның ішінде, Ахметовтің жазалану мерзімі 8 жылға дейін төмендеді. 

Соңғы жаңалықтар