«Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалы неге Торғай мен Орынборда түсірілген жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі режиссер Мұрат Есжан ҚазАқпарат тілшісіне «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясын түсіру кезінде жолыққан қиындықтар туралы айтып берді.

«Біздің ғылыми кеңесшіміз – Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражайының директоры, ғалымға арнап «Ғасыр саңлағы» деген кітап жазған Райхан Имахамбетова. Көркемдік кеңесшіміз Ұшқын Сайдрахманұлы деген алаштанушы болды. Сценарий жазылған кезде осы кісілер бастан-аяқ қасымызда болды. Сценарийді белгілі драматург, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлымен бірігіп жаздық. Сценарий түзу барысында 50 шақты кітап пайдаландық», - деді кино маманы.

Оның сөзіне қарағанда, сериал түсіру кезінде Ахмет Байтұрсынұлының көзін көргендердің болмауы оның образын кескіндеуде біраз қиындық туғызған.

«Қиындық жағына келсек, Ахметтің «а» деген әрібін айтуға тыйым салынған заман болды. Оның көзін көргендер, қасында отырып, әңгімесін тыңдаған адамдардың көбі қайтыс болғандықтан естеліктер жоқ. Нақты қалай болғаны жайлы құжаттық деректер негізінде ғана Алаш қайраткерінің өмірін 6 серияға сыйғызуға тырыстық. Әрине, зерттеушілер арасында бір тоқтамға келе алмай жүрген мәселелер бар. Бірақ біздікі деректі дүние емес. Біз соның ішінде көркемдік шындыққа, сериалдың драматургиясына сәйкес келетін, сөйте тұра Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасына көлеңке түсірмейтін, керісінше аша түсетін деректерді алдық. Жалпы Ахмет - дау-дамай тудыратын қайшылықты тұлға емес қой», - дейді режисер.

Айтуынша, сериалға локация ретінде көбіне Алматының маңайындағы жерлер алынған.

Ал Орынбор мен Торғайдағы тарихи нысандарды пайдаланбаудың өзіндік себептері бар көрінеді.

«Негізгі локация - Алматы облысы, Жаркент, Алматы қаласы болды. «Неге Торғай мен Орынборға бармадыңыздар?» деген сұрақтың қойылуы заңды шығар. Біріншіден, қаржылық мүмкіндігіміз көтермейтін еді. Қаржы тапқан күннің өзінде ол жақта иен даладан басқа ешқандай инфрақұрылым жоқ. Мынау осындай іргетас деп көрсететін деректі туынды емес қой. Толық декорация болуы керек. Сол үшін Алматының маңайы ыңғайлы болды. Сериал Ахмет Байтұрсынұлының ел ісіне араласқан кезінен басталады. Сериал сюжетін ұлы тұлғаның ағартушылық, ғалымдық, публицистік қырын көрсету үшін өміріндегі теоретик ғалым және саяси қайраткер ретінде танытатын кезеңдер мен эпизодтардан құрауға тырыстық», - деді Мұрат Есжан.


Соңғы жаңалықтар