Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылында музей-үй салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылында музей-үй салынады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Қостанай облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов мәлім етті.

«Жылдың басында жергілікті халықпен кездескен кезде облыс басшыларына осы тойдан кейін естелік болып қалатын музей-үй салынса, ауылға жол тартылса деген тілек айтылды. Қазіргі уақытта жаңадан үй салуға байланысты құрылыс жұмыстарына конкурс өткізіліп жатыр. Жуырда мердігер анықталып, жаңа музей-үйдің құрылысы басталады. Бұл тек қаңырап тұрған бос үй болмайды. Оның ішінде жабдықтар, Ахмет атамыздың өмірі мен туған жеріне байланысты естеліктерден хабардар беретін дүниелер қойылады», - деп жоспарларымен бөлісті басқарма басшысы.

Ерлан Қалмақов музей-үйдің құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталатынын жеткізді. Сондай-ақ ол Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі бұзылды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

«Бұл жерде анықтап алатын жағдай бар. Бұл Ахмет Байтұрсынұлының дәл туған үйі емес. Ол туралы тарихи нақтыланған ақпарат та жоқ. 2009 жылы Сарытүбек қонысындағы ескі үйлердің негізінде шамамен осы Ахметтің үйі болуы керек-ау, деген көпшіліктің ықыласымен көтерген үй. Ол үй ауылдың әкімі және тұрғындардың көмегімен салынған», - деп түсінік берді Ерлан Қалмақов.

Еске сала кетейік, ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Қостанай халықаралық әуежайына Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді.


Соңғы жаңалықтар