Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған үй жөнделеді

None
None
АРҚАЛЫҚ. ҚазАқпарат - Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген үйі жөндеуден өтеді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА «Егемен Қазақстан» газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Газеттің жазуынша, Қостанай облысында 29 киелі жер белгіленіп, олардың картасы жасалған болатын. Осы қасиетті орындардың 10-ы жалпыұлттық, қалған 19-ы жергілікті маңызға ие. Республика мақтанышына айналған сакральды орындарға Қостанай облысында Торғай геоглифтері, Қамысты мекені, Екідің діни ескерткіші, Барақ, Жәуке, Ыбырай Алтынсарин, Міржақып, Абдығапар хан, Кейкі батыр кесенелері, сонымен қатар Амангелді батыр жерленген орын жатады.

«Биыл облыс өңіріндегі барлық киелі орындар көркейтіледі, соның ішінде айырықша жөндеуді қажет ететін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының Жангелдин ауданындағы туған үйі, Барақ батыр кесенесі және Қостанай қаласындағы Свято-Никольский шіркеуі назарға алынып отыр. Олар күрделі жөндеуден өтеді. Ахмет Байтұрсынұлы туған үйді осыдан бірнеше жыл бұрын алдымен Арқалық қаласындағы Елена Цвентух басқаратын «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығы ұйымдастырған тарихи-танымдық экспедиция Ахаң туған өңірдің тарихын, оның кіндік қаны тамған үйдің тағдыр-талайын жақсы білетін ақсақалдарды ертіп барып, құлап қалған тамның іргетасынан кесегін алып, белгілеп, кейіннен оны қалпына келтіру туралы бастама да көтерген болатын. Біршама уақыт өткен соң Ахаң ұрпақтары тұратын Ақкөл-Қарасу ауылының жастары асарлатып, құлап, іргетасының орны ғана қалған ғимараттың қабырғасын қайта тұрғызды. Бірақ қам кесектен салынған үй уақыт көшіне шыдамай, тозып барады. Енді, міне, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында үйдің толық күрделі жөндеуден өтетіні туралы жақсы хабар жұрттың көңіліне қуаныш ұялатты. Ол Торғай өңіріне аяқ басқандардың барып көретін, кемеңгер адам кіндігінің қаны тамған жерге тағзым жасайтын орынға айналатын болады» делінген мақалада.

Соңғы жаңалықтар