Ахмет Байтұрсынұлы түскен видео табылды

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – «Ахаң жүріп өткен жолмен» экспедициясының нәтижесінде Ахмет Байтұрсынұлының видеосы табылды. Мұндай жаңалықпен ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген ғылыми экспедицияның мүшесі Абылай Мауданов бөлісті.

«Ахаң жүріп өткен жолмен» экпедициясы аясында Ахмет Байтұрсынұлының табаны тиген жерлерің барлығына жолға шықтық. Оның ішінде Бакуге де бардық. Онда Түркологтардың бүкілодақтық І съезі өткен ғимаратқа соқтық. Дегенмен олар бізге қағазға түсіріліп, ғаламторға жарияланып, кітапқа енген баршаға белгілі деректерді ғана ұсынды. Бірақ аудио және бейнематериалдар сақталмаған екен. Кейін Әзербайжан ұлттық-ғылыми орталығының қызметкерімен байланысып көрдік. Олар видеолар бар екенін жеткізді. Алайда, оны алу үшін ресми хат жазу керек болды. Біз экспедициядан соң елге оралып, хат жазуға кірістік. Нәтижесінде аталған орталық бізге ұзақтығы 7 минут 55 секунд болатын бейнематериалды жолдады. Видеоның ішіндегі бір кадр көзге шалынды. Таспаға сырт келбеті Ахмет Байтұрсынұлына ұқсайтын адам түсірілген екен», - деді экспедиция мүшесі Абылай Мауданов.


Оның айтуынша, бейнематериалдағы адамның Ахмет Байтұрсынұлы екенін растау үшін видео алаштанушы және ахметтанушы ғалымдарға жолданған. Олардың барлығы бір секундтық кадрда көрсетілген азаматтың Ұлт ұстазы екенін растапты.

«Ахметтанушылардың айтуынша, сол кезде Ахмет Байтұрсынұлы екі комиссияға мүше болған. Сондықтан ол президиумда отыруға әбден лайық. Видеоны қарасаңыз, ол алдыңғы қатарда отыр. Бұл сол кездегі Ахаңның беделді, танымал кісі болғанын айғақтайды.

Кейін, 31 тамыз күні бейнематериалды Қостанайдағы сот-сараптама институтына апардық. Олар: Видеодағы адамның сұлбасы 1926 жылғы түскен Ахмет Байтұрсынұлының суретіне ұқсайды, деген жауап берді», - деп жұмыстардың нәтижесімен бөлісті Абылай Мауданов.

«Ахаң жүріп өткен жолмен» ғылыми экспедициясының нәтижесінде Ұлт ұстазының өмірі мен атқарған еңбегі туралы тың деректер жинақталып, құжаттар өңірлік мұражайға табысталған. Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлының туған жері Торғайда өтетін 150 жылдық мерейтойы аясында көрсетілетін деректі фильм әзірленді.


Фото: upload.wikimedia.org




Соңғы жаңалықтар