Ахмет Байтұрсынұлы мүсінінің авторы: Ескерткіш тұлғаның келбетімен қоса, ішкі жан-дүниесін де ашуы тиіс

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін ерекше жасаған мүсіншінің туындысы әлеуметтік желіде елді сүйсіндіріп, жұрттың ықыласына бөленгенін байқаған едік. Соған орай, ҚазАқпарат тілшісі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатқан мүсіннің авторымен тілдесіп, туынды туралы сұрап-білді.

Ахмет Байтұрсынұлын айнытпай бейнелеген мүсіннің авторлары - Бүркітбаев Айдос Сәбитұлы және Тимур Мирасұлы Ермұхаметов екен.

«Бұл мүсінді жасап жатқанымызға 1 айға жақындады. Негізгі жұмыстар бітті. Бұйырса, Алматы қаласына қойылады. Мүсін қоладан құйылады, тұғыры гранит тастан жасалған. Мүсінің биіктігі - 3,5 метр, тұғыры - 1,5 метр, жалпы биіктігі 5 метр болады. Ахмет атамызды білмейтін кісі жоқ шығар, ұлт ұстазының бейнесін жасауда ол кісінің мұрағаттардағы суреттерін қарадық, жас кезіндегі, қартайған кезіндегі бейнелерін іздедік. Өмір жолы туралы қайталап оқыдық», - дейді мүсіннің авторы Айдос Сәбитұлы.

10 жыдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан азаматтар бұған дейін де көптеген тұлғалардың ескерткішін жасауға атсалысыпты. Бәрі де жұрттың көңілінен шыққан туындылар.

«Бұған дейін Алматыда ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіштің бейнесін жасадық. Астана қаласына қойылған Әбу Насыр әл-Фараби, Алматыда Нұртас Оңдасынов, Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіштерін жасадық. Жақында Тараз қаласында қойылған Шерхан Мұртаза атамыздың ескерткіші де біздің туынды. Тұлғаларға арналған туындының сәтті шығуы, оның сыртқы келбеті ғана емес ішкі жан-дүниесіне үңілгендігімізден болар. Біз өзіміз кірісіп, жасайтын тұлғаның өмірімен толық танысамыз, оқып зерттейміз, суреттерін, бейне материалдарын ақтарамыз, сол арқылы ескерткішке мінезін, жан-дүниесін сіңіруге тырсамыз», - дейді Айдос Сәбитұлы.

Естеріңізге сала кетейік, қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр.

Ұлттың ұлы тұлғасын ұлықтауға арналған мерекелік шара Жангелдин ауданының орталығы Торғайдан бастау алған болатын. Онда ұлы тұлға ескерткіші орнатылып, туған жері Сарытүбекте ақ кесене бой көтерген еді.


Соңғы жаңалықтар