Ахмет Байтұрсынұлы атындағы респбуликалық байқаудың жеңімпазы анықталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы респбуликалық байқаудың жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауды Тіл саясаты комитеті ұйымдастырды. Байқауға еліміздің әр өңіріндегі тілдерді оқыту орталығының оқытушылары қатысты.

Үш кезеңнен тұратын байқауға А. Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының директоры, ахметтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Ұлан Еркінбай төрағалық етті. Ал, қазылар алқасы білікті педагог-әдіскерлер мен ғалымдардан құралған.

«Жыл сайын кеңінен танымал болып келе жатқан дәстүрлі байқаудың басты мақсаты – ұлт ұстазының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл меңгертуге қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін анықтап насихаттау. Сондай-ақ оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіре отырып, ересектерге қазақ тілін үйретудің сапасын арттыру, өзара тәжірибе алмасу», - деді Ұлан Еркінбай.

Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар өзін және авторлық бағдарламасын таныстырды. Екінші кезеңде ұяшықтан таңдалған қос сұраққа жауап берді. Үшінші кезеңде үміткерлер өзге этнос өкілдерінен құралған топқа оқу, жазу, тыңдау және айту түрлеріне тапсырма беріп, 20 минуттық дәріс өткізді.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесі мен 500 мың теңгеге Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова ие болды. Бірінші орынның 350 мың теңгелік жүлдесін Жетісу облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Жанар Елесбаева иеленді.

Екінші орын мен 250 мың теңге сыйлықтың Ақтөбе облысындағы Тілдерді оқыту орталығының әдіскері Ақмарал Нұржанова мен Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының әдіскері Мүнира Ағымбаева иегері атанды.

Үшінші орынның 200 мың теңгелі жүлдесіне Жамбыл облысы, Қордай аудандық тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Алтынай Әшімхан, Қостанай облыстық «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының Гүлмира әдіскері Кірікпенова, Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Айман Жақанова лайық деп танылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Махамбетке арналған ақындар мүшәйрасының жеңімпазы анықталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар