Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық тағайындалады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде гуманитарлық ғылымдар саласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық тағайындалады. Одан бөлек, ағартушы атындағы төсбелгі әзірленеді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған шаралар жалғасын табады. Бірқатар ауқымды жоба іске асып жатыр. Бүгінде ағартушының құрметіне арналған мерейтойлық марка, монета шығарылып қолданысқа енді. Енді Үкімет тарапынан «Ахмет Байтұрсынұлы төсбелгісі» жыл соңына дейін әзір болады. Одан бөлек, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылым саласы бойынша мемлекеттік сыйлық тағайындалады. Ұлт ұстазының ғылыми шығармаларын халықаралық деңгейде дәріптеу мақсатында таңдамалы еңбектері орыс, ағылшын, түрік тілдеріне аударылып, жыл соңына дейін шығады», - деді Саясат Нұрбек елордада өтіп жатқан Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына арналған ғылыми-практикалық халықаралық конференцияда.

Сондай-ақ, министрдің айтуынша, Парижде Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына орай конференция өткізу жоспары бар.

«Сонымен қатар Ыстанбұлда да конференция өтпек. Одан бөлек, Анкара қаласында Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш қою мәселесі оң шешімін тауып отыр. Жыл соңына дейін ресми түрде ашылады деп отырмыз», - деді ол.

Айта кетейік, елордада Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасына арналған «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және Қазақстанның зияткерлік сабақтастығы» атты ғылыми-практикалық халықаралық конференция өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар