Ахмет Байтұрсыновтың қонысын қастерлеу керек - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

*   *   *

Тәжірибе алуға келген жасқа аула сыпыртып қойыпты - «Дидар» газетіnull 

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» атты бағдарлама бар. Ол бойынша оқу орнын жаңадан бітірген жас маманның өндірісте тәжірибе алу мәселесі де қарастырылады. Алайда, «тәжірибе алсын» деп жіберген жасты қара жұмысқа жегіп қойған жағдайлар да бар екен. «Дидар» газетінің тілшісі Өскемен қалалық жұмыспен қамту орталығынан осы орталық арқылы қаладағы бір кәсіпорынға тәжірибе жинақтауға жіберілген жас маманмен хабарласады. Сүйтсе, мемлекеттік мекемеге алты айлық тәжірибе алуға жіберілген жігіт ол жерге бара салысымен бірден қара жұмысқа жегілгенін айтып, мұңын шағыпты. «Тәжірибе алсын, өндірістегі жұмысты білсін» деп жіберілген жас маманның осылайша тауы шағылған.

«Мен ол жұмысқа электр монтері мамандығы бойынша тәжірибе жинап, оқығанымды практикамен ұштастырып, көп нәрсе үйренетін болдым деп қуана келген едім. Бірақ мені келе салысымен қара жұмысқа салып қойды. Күн сайын барып кел, шауып келдің жұмысын істеумен болдым. Ең аяғы шаң сүрту, аула сыпыру, жиһаз тасу сияқты жұмыстарды да істеуіме тура келді. Қолыма жұғып қалмайды ғой әрине, алғашында бәрін де істей бердім. Апта артынан апта өтіп жатқан соң, бірде басшылықтағылардың біріне желі бойына шығып, тәжірибе жинақтасам деген өтінішімді айтып, оған әзірге шыға алмайтыным туралы қысқа жауапты естігенде, үмітім мүлде үзілді. Содан кейін амалсыздан кетуіме тура келді, қазір жұмыссыз жүрмін, көмектесіңізші, - деді тәжірибеден өтуге жіберілген Е есімді жігіт».

Осылайша, газет «мемлекеттен жас мамандарға тәжірибе берсін деп бөлініп отырған қыруар қаржы жұмыс берушінің оны-мұны шаруасын атқаруға, ауласын сыпыруға кетіп жатыр ма?!» дегенді алға тартады. Ал әлгі жігіттің айтуынша, тәжірибеден өтуге барған жастардың бәрі осылайша белгіленген алты айды әйтеуір жалақы алу үшін «әупірімдеп» жүріп өткізеді екен. Сонда жұмыс беруші мемлекеттік бағдарламаның мақсатын, келген маманның алдындағы өзінің жауапкершілігін түсінбегені ме?

Мақалада осы сұраққа тиісті Орталық мамандарының жауабы беріліпті. Бұндай проблеманың бар екенін білген мамандар ендігіде тәжірибеден өтетін жастарды қадағалап, мониторинг жүргізілетінін айтқан. Сонымен қатар, мақалада жас мамандарды ауылдық жерлерге жұмысқа тарту тетіктері, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаның тиімді тұстары туралы да айтылған.

 

Құм бүркітіне қамқор болған азамат - «Ақ жол» газетіnull 

Құм бүркіті туралы білетін бе едіңіз? Негізінен ол Жамбыл, Түркістан облыстарының қызылқұмында мекендейді екен. Әлемде ерекше сирек кездесетін құм бүркіті де жойыла бастаған қыран құстың бірі. Мақала осы құм бүркіті туралы болып отыр. Автор осындай ерекше бүркітті Шымкент зообағына арнайы іздеп барып көргенін, одан алған әсерін жазады. Жазуынша, құм бүркіті әлемде тек Қазақстанның оңтүстік өңірінде өсіп-өнетін, әлі ғылыми зерттелмеген өте бағалы, киелі бүркіт. Мақалада осынау киелі құстың Шымкент зообағындағы жағдайына алаңдаған автордың сол кездегі басынан кешкен оқиғалары баяндалады. 

Шетелдік асырап алған Шоқан атажұртқа аяқ басты - «Оңтүстік Қазақстан» газетіnull

Сегіз жарым айлық кезінде шетелдіктер асырап алған Шоқан араға 11 жыл салып, Франциядан Қазақстанын іздеп келген екен. «Кәдімгі қазақтың қара домалақ баласы. Атажұртын аңсап келген Шоқан өзге құрдастарынан ересек көрінеді. Өзі сондай сүйкімді. Жеңілтек емес, әр нәрсеге байыппен қарап, сабырлы кейіп танытады. Көзәйнектің ар жағындағы ойлы жанар тұңғиық сырға тұнып тұрғандай...» деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газеті.

Каролина Лебрард Шоқанды кішкентай кезінде Шымкенттегі бөбектер үйінен асырау үшін алып кеткен екен. Баланың есімін өзгертпеген, тек екінші есім беріп, құжатта оның атын Мельхиор-Шоқан деп жазғызған. Шоқанның бағына қарай оның анасы аса мейірбан жан болып шықты. Өзі білмесе де балаға ана тілін үйретуге біраз күш салыпты.

Осылайша кіндік қаны тамған жерін көруге келген Шоқанға байырғы қызметкерлер оның кішкентай кезде ұйықтаған бөлмесін, жатқан кереуетін де көрсетіпті. Бала да бір түрлі сезімге бөленгендей болған екен. Ол әсіресе қазақтың бесігіне таңғалып, соны айналшықтап жүріп алған көрінеді. Ұлттық киімдерді де ұнатыпты.

«...туған жерін ұмытпай түп негізін іздеп келген Шоқан баламыздың әрекетіне қуандық әрі жүрегіміз қан жылады. Сен, кешір бізді! Ата-анаң көзіңді жәудіретіп, балалар үйіне өткізіп жібергені үшін. Сендей ақылды баланы өз отбасың, ошақ қасың айналып-толғанбағаны үшін. Талбесікте тербеліп, бесік жырын тыңдай алмағандығың үшін. Сен жат елде тілің қазақша шықпағандығы үшін айыпты емессің, айналайын! «Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады». Сол айтқандай, өзің көрген Шымкент қалалық мамандандырылған бөбектер үйінде бүгінгі таңдағы 80 бүлдіршіннің ахуалы да бізді бей-жай қалдырмайды. Оның 17-сінің мүмкіндігі шектеулі болса, 25 бала асырап алу кезегінде тұр. Оларды қандай отбасы бауырына басар екен?! Кейбір қарттардан иман, жекелеген жастардан ұят кеткен соң қоқыс жәшігін «бесік» еткен бейкүнә байғұс балалар әлі де табылып қалады, шырағым! Сен бізді тағы да кешір... Алла жазса, Шоқанның ағалары мен інілері Шымкентке талай келер! Бүгінгі таңда шетел асқан балалардың барлығы тағы бір өкінтіп, көзге шұқығандай етпесіне кім кепіл?! Осы жағын ойланған кім бар екен?..»

Ешқашан ешкімнен қарыз алмаған адам - «Замана» газетіnull 

«Бүгінде ел ішінен банкке қарызы жоқ адам табу қиын. Дегенмен ондайлар да жоқ емес екен. Мысалы, Бәйдібек ауданындағы Қазата ауылында тұратын Фариза Мақұлбекқызы өмірінде банк түгілі адам баласынан бір тиын да қарыз алып көрмеген екен». «Замана» газетінің кейіпкері зейнеттегі қарт. Өмірі өнеге болатын әжейдің әңгімесінен көп нәрсе аңғаруға болады.

«Жастайымнан отбасымыздың кіріс-шығысын есептеуді ұнататынмын. Анамнан  үйрен­генім ғой. Ол кісі кіріс және шығыс есебін жүргізетін дәптер арнайтын. Үйге керектінің барлығы дәптерге жазылады. Тіпті өзінің төркініндегі жиендерге деп аталған малдың неше басқа дейін көбейгенін де жазып қоюды ұмытпайтын» депті қарт. Шындығында, отбасының есеп-қисабын жүргізудің үлкен көмегі бар. Бұны көпшілік білуі керек. Мақалада өскелеңге жастайынан айтылатын ақылдың төркіні де осыған саяды.

«Бәле» қуған балалар - «Арай» газетіnull 

«Арай» газетіндегі мақала негізінен қоғам арасында құлдилап кеткен мұғалімнің мәртебесіне арналыпты. Автор өткен кезеңдегі ұстаз атты ұлағатты тұлғаның ардақтылығын еске салады. Олардың бойынан есіп тұратын даналық пен парасаттылықтың, ізгілік пен мейірімнің лебіне сүйсініп отырып, қазіргі мұғалімнің кейпіне кейиді. Сосын жеткіншектердің бойындағы мінезге де кезек береді.

«Қазір кейбір мұғалімдер оқушылардан сескенетін болды. Өйткені, кекірейген қыз, едірейген ұл мұғалімнің беделін түсіруге дайын тұрады. Бұған дәлел ретінде алысқа бармай-ақ, жуырда облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт мектебінен шыққан шуды мысалға алсақ та жеткілікті. Жайнамаз теуіп, балаларды балағаттады деген жаттықтырушыны жалпақ жұрт жаппай жазғырды. Соңында қызметінен қуылды. Тек ол ғана емес облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да жұмысымен қош айтысты» дей келе мақалада әлгі жайтты басқа қырынан талдайды. Әлгі оқиғаға қайта бұрылып, «кім кінәлі?» дегенге ой жүгіртеді. «Не себепті біз ең бірінші кінәні мұғалімнен іздейтін болдық?» дегенді алға тартады.

Мақалада осындай кереғар дүниеге мамандар, психологтар пікірі беріліпті.

Ахаң қонысын қастерлеу керек - «Қостанай таңы» газетіnull 

«Қостанай таңы» газетінде Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай мақала берілген екен. Мақала авторы жазушы Камал Әлпейісова. Онда былай делінеді: «Әдетте, болашақтан үміт еткен ұлт ұстазға құрметпен қараған. Ата-бабамыз «Молда бол!» деп бата бергенде, жаназа шығаратын адамды емес, балалардың көкірек көзін ашып, жүрегіне білім нұрын құятын адамды үлгі еткені анық.  Соны ұққан ұрпақ үшін ұстаздан биік тұлға болмаған. Бұл тек біздің халыққа тән ұғым емес. Барша жұрт ұстазды құрметтеген, ұстазды пір тұтқан, ұстаздың өмір жолын насихаттап, ұрпаққа өнеге еткен. Көрші елдің мысалына жүгінейік. Орыс халқы сауаттылықтың, білімге, ғылымға деген құштарлықтың ұрпаққа даңғыл жол, жаңа көкжиектер ашатынын көрсеткен  М.В. Ломоносовты солай дәріптейді. Ұстаз-ғалымның туған жерінде, сол заманның байшыкештері «аюдан басқа ешкім тұрмайды» деп менсінбей айтатын Архангельск облысының Холмогор ауданында Петр Челищев  ХVIII ғасырдың соңында-ақ Ломоносовқа ескерткіш қойған. Кейін, 1832 жылы, ғалымға Архангельскінің Собор алаңында қоладан құйылған ескерткіш орнату үшін бүкілресейлік сауын айтылып, 46 мың рубль жиналған екен.  1947 жылы КСРО министрлер кеңесі ұлы ғалымның туған жерінде   ескерткіш орнату туралы шешім қабылдауы - ұстазды ұлықтаудың тағы бір үлгісі. Былай қарасаң, ел соғыстан енді ес жиып жатқан кезде одан да маңыздырақ шаруалар бар сияқты көрінер. Алайда, бұл қадамда жарқын болашақ - білімді елдің еншісінде екенін ұғып, білім нұрын сепкен тұлғаны дәріптеу арқылы ұрпаққа тәрбие беру мақсаты жатыр. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Таяуда Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінде болған әріптестерім: «Барсам деп жүр едің ғой», -  деп Ахаңның  туған үйін, оған қойылған ескерткіш тақтаны, А.Байтұрсынұлына қатысы бар басқа да бірнеше нысанды суретке түсіріп, маған салып жіберіпті. Барып көргендеріңіз бар шығар. Ондағы суреттерді көргенде менің қандай күй кешкенімді түсінерсіздер...»

Мақалада берілген сурет сол Ахаңның туған үйі: иен далада тұрған сылағы түскен  үй. Сыры кеткен қоршау. Жазуы өшкен тақтайша. Мақала авторы мұнда тот басқан  темірмен жиектелген ұсқынсыз белгілердің тұруының өзі ұят екенін, тіпті мұның сүйекке таңба екенін алға тартады.

«Қостанай таңы» газетінде сондай-ақ Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай «Музей-үйдің ахуалы мәз емес» деген атпен мақала жарық көрген. Онда Ахаңның Алматыдағы музей-үйінің директорымен сұхбат өрбіп, музейдің қазіргі жағдайы туралы айтылыпты.

Әлімжеттік пе, әлде әдет пе? - «Атырау» газетіnull 

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында орын алған сұмдық оқиға «Атырау» газетіндегі мақалаға арқау болған. Келтірілген деректерге қарағанда, былтырдың өзінде аймақта жасөспірімдерге қатысты 48 қылмыс жасалған екен. Осыған орай, мақалада «Әлі оңы мен солын танып үлгермеген жас ұрпақтың тамырына балта шабу деректері неге көбейді? Жантүршігерлік жағдайларды қайтсек азайтамыз?» деген сауалдар көтеріледі. Автор бұрын үш ұйықтаса түске енбеген, кинодан ғана көрген сұмдық оқиғалар қалыпты жағдайға айналып бара жатқанына қынжылады. Бесіктен белі шықпаған нәрестені зорлау, бейкүнә сәбилерді қорлау деректерінің көбеюі көп нәрсеге күдікпен қарауға итермелеп отырғанын айтады. Мынандай мәлімет те келтіріліпті: былтыр кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы 19  іс тіркелген. Оның төртеуі - зорлау, оны - 16 жасқа толмаған баламен жыныстық қатынас жасау, бесеуі кәмелетке толмағандарды азғындау фактілері болған. Тергеп-тексеру кезінде олардың туысқандарының қылмысқа жол беріп, ата-аналардың өтпелі кезеңдегі жасөспірімдерінің тәрбиесі мен тәртібіне салғырттықпен қарау нәтижесінде орын алғаны анықталған.

Мақалада психолог мамандардың осы жайтқа қатысты пікірлері берілген.

 

Соңғы жаңалықтар