АХМЕДСАФИН Уфа Меңдібайұлы

None
None
ЕДСАФИН Уфа Меңдібайұлы (1912-1984) - Қазақстан гидрогеология мектебінің негізін қалаушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Орта Азия индустриялық институтын бітірген. 1940-1965 жылдары - КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының, Қазақстан Ғылым академиясы Геология ғылымдары институтының бөлім меңгерушісі. 1948-1951 жылдары - Қазақ тау-кен институтының (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) кафедра меңгерушісі. 1965-1984 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Гидрогеология және гидрофизика институтының директоры қызметін атқарған.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Қазақстан мен Орта Азияның шөлді аймақтарының гидрогеологиясын зерттеуге арналған. У.Ахмедсафин жер асты су көздерін, олардың пайда болу, қалыптасу, таралу заңдылықтарын ашты. Сондай-ақ гидрогеологиялық карта жасаудың жаңа тәсілдерін қарастырып, гидрогеологиялық болжамдаудың негізін қалады. Ол ұсынған басты теориялық және әдістемелік қағидалар тұңғыш рет Қазақстанның іргелі гидрогеологиялық болжам карталарын жасауға мүмкіндік берді. Бұрын сусыз деп саналып келген шөл-шөлейт аймақтарда көптеген тұщы сулы артезиан және грунт суларының алаптарын ашуға негіз болды. Ол жер астындағы тұзды және аз тұзды сулардың табиғи және пайдаланылатын, жылма-жыл толықтырылатын қорын анықтап, оны өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығында, елді-мекендерде, мал жайылымдарында, сусыз жерлерді суғаруға тиімді пайдаланудың жолдарын негіздеді.

Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясы Гидрогеология және гидрофизика институтына (қазіргі У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және гидрофизика институты) берілген.

«Ленин», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
 

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 1 том

«Тарихи тұлғалар» кітабы

Соңғы жаңалықтар