АХҚО табысты жұмысы үшін барлық жағдай жасалды - Қасым-Жомарт Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы Кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы Тұңғыш Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығын ресми түрде іске қосты. Ал бүгін салтанатты, әлемдік стандарттар деңгейіндегі жоғары класты кеңседе қонақ қабылдап, Кеңестің кеңейтілген отырысын өткізіп отырмыз. АХҚО құрылған сәттен бастап Кеңестің төрт отырысы өтті. Онда АХҚО даму стратегиялары, органдарының құрылымы бекітіліп, өзге де жүйелік маңызды мәселелер қаралды», - деді Мемлекет басшысы АХҚО Кеңесінің отырысында.

Сонымен бірге Президент Ислам даму банкінің президенті, доктор Бандар Хаджар мен City Group мемлекеттік сектор бөлімінің басшысын Кеңеске мүше болуымен құттықтады.

«Бүгін салтанатты жағдайда АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығын аштық. Барлық даму бағыттары бойынша орталық нәтижелерімен және жоспарымен таныстым. АХҚО - Нұр-Сұлтан қаласындағы ерекше мәртебесі бар аумақ қана емес, қаржылық орталық, құзіреттер мен кәсіби дамудың, адами капитал, жасыл экономика және исламдық қаржыландыру орталығы. Мұның барлығына ішкі күш-жігеріміздің және тұтас халықаралық қауымдастық пен шетелдік серіктестердің қолдауы арқасында қол жеткіздік», - деді Қ. Тоқаев.

Президенттің айтуынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығы өзінің бір жылдық жұмысында 37 деңгейге жоғары көтерілді. Қаржылық орталықтардың беделді жаһандық индексінде 51-орынға тұрақтады.

«Нұр-Сұлтан қаласы Шығыс Еуропа, Орталық Азия аймақтары бойынша көшбасшы орында тұр. АХҚО табысты жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалды және инфрақұрылым жолға қойылды деп толық сеніммен айта аламыз. Енді бізге тәжірибелік нәтижелердің болуы маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Astana Finance Days аясында Астана халықаралық қаржы орталығында АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы ашылды. АХҚО сотын Лорд Вульф, және Халықаралық төрелік орталығын Барбара Доманн басқарады. Ашылу салтанатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АХҚО халықаралық аренадағы маңызын айтып берді.

Соңғы жаңалықтар